28 нау, 2019 сағат 15:48

Сенатор Үкіметтен киіктердің қырылуының алдын алуды талап етті

Киіктер тағы қырыла бастады. Бұл жолғы себебі қандай? Мамандар жыл сайын неше түрлі себептер айтады. Бірақ құзырлы органдар осы күнге дейін киіктердің көптеп қырылуының алдын ала алмай отыр. Егер бұл жағдай осылай жалғаса беретін болса, енді біраз жылда ақбөкендер түгелге жуық қырылып кету қауіпі бар.

Бүгін Д. Назарбаеваның Төрағалығымен өткен Сенат отырысында сенатор А.Құртаев Үкімет басшысы Асқар Ұзақбайұлының атына киіктердің қырылуына байланысты депутаттық сауалын жариялады. Депутат сауалының мәтіні төмендегідей:

«Біздің депутаттық сауалымызға өзек болып отырған Қазақстандағы ең түйткілді мәселенің бірі – киіктердің қырылуы. Киік пен қазақ ерте замандардан бері бірге жасасып келеді. Ақбөкенді қазақтар «киік» деп атайды. Киікті қазақ киелі жануар деп есептейді. Киік өте ақылды және қандай табиғи ортада болмасын, тез бейімделіп кететін жануар екендігі анық. Ақбөкендердің басына қаншама зобалаң заман туғанмен, миллиондаған жылдар бойы тұқымын сақтап қала алды. Осының өзі ақбөкендердің өмірге өте бейімділігін, өсімталдығын аңғартады. Егер ақбөкендердің басқа түз тағыларынан ерекшеліктері болмаса, ежелгі мамонттармен бірге құрып кетер еді.

Киелі аң деп қастерлейтін осы сұлу жаратылыстың шөлейтті және далалық аймақтарда тіршілік ететіні белгілі. Халқымызда киелі жануарды атқан адам бақытсыздыққа ұшырайды деген сенім бар. Қазақстанда 1920 жылдары киік аулауға тыйым салынған. Соның нәтижесінде 1960-шы жылдары олардың саны 2 млн-нан асты. Бірақ өкініштісі сол киіктер қазір азайып барады.

Сайын даламызды мекендеген ақбөкендердің саны 2018 жылы 200 мыңнан сәл ғана асты. Мұның себебі неде? 

Себебі, жазықсыз жануарларды қырып-жойып жатқан – адамдар. Елімізде браконьерлік қылмыс көз ілеспес жылдамдықпен өршіп барады. Халық арасында «мүйізді мафия» деп аталатын қанды қылмыстың көрігі қызып тұр. Ақшаға құнығып алған браконьерлер жүздеген киіктерді азаптап, мүйізі мен тұяғын кесіп алып, далаға лақтырып кетіп жатыр. Киіктің мүйізінің бір келісі 200 мың теңгеден жоғары бағаға сатылып, Қытайдың базарында 3,5 - 5 мың АҚШ долларына дейін қымбаттайды. Киелі аңның мүйізі дәрілік шикізат ретінде шығыс медицинасында бұрыннан қолданылады.

Ал еліміздің заңнамасында бір киікті атқан адамға бар-жоғы 300 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Алайда, әбден ескірген заңымызда кемшілік жетіп артылады. Заңымыз браконьерді қуған инспекторды емес, қылмыс жасаған адамды «қорғайды». Мысалы, браконьерлер автокөлік жолына шығып қашса, қууға, тоқтатуға, оқ атуға құқығы жоқ. Екіншіден, инспекторларға қару қолдануға тыйым салынған. Тек өміріне қауіп төніп, браконьер өзіне оқ атқанда ғана атуына болады.

Үшіншіден, инспектор күдіктінің қаруын тартып алып, көлігін де тексере алмайды. Мұндай олқылықтар браконьерлерге қылмысын жасыруға мүмкіндік беруде. 

Көп жағдайда браконьерлер құқық қорғаушылармен, инспекторлармен ауыз жаласып, «мүйізді мафияның» бизнесін дамытуда. Қазақ халқының қаһарман ұлы, «Охотзоопромның» инспекторы, марқұм Ерлан Нұрғалиевтің браконьерлердің қолынан қаза табуы осы саладағы көп былықтың бетін ашып берді. Сын сағатта ақбөкендерді қорғаймын деп жанын қиған қаһарман ұлымыздың ерлігін күллі әлем халқы естіп-білді. Ерланның ерлігі туралы неміс, ағылшын, француз, түрік, америка, қытай, украин сайттары, Еуропа мен Орталық Азиядағы беделді БАҚ-тардың бәрі жазды. Әлемнің әр түкпіріндегі тұрғындар қылмыскерлерді қатаң жазалау жөніндегі петицияға қол жинауда. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Е. Нұрғалиевтің ерлігін жас ұрпақ үлгі-өнеге тұтуы үшін екінші дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Алайда, Ерлан Нұрғалиевтің қылмыстық ісі сиырқұйымшақтанып бара жатқаны жұртты қынжылтып отыр. Құзыретті органдар қылмыстық істің ашық, жария жүргізілуін қамтамасыз етуі тиіс. 
Бір өкініштісі, «мүйізді мафияға» еліміздегі құқық қорғау органдарының өкілдері қолдау көрсетіп келеді. Өйткені, ұйымдасқан қылмыстық топтардың қара базарда құны қымбат киіктің мүйізін жинау, шетелге шығару ісін тұрақты жолға қойғаны байқалады.

Парламент депутаттары браконьерлер мен құқық қорғау қызметкерлерінің ауыз жаласып алғанын қатаң айыптады. Мәселен, ресми статистика бойынша, 2014-2018 жылдары браконьерлік фактілер бойынша қозғалған қылмыстық істердің саны 2 есеге 70-тен 154-ке дейін өскен. Ал келтірілген шығынның орнын толтыру 20 есеге дейін ұлғайған. Қарағанды облысында ұсталған құқық қорғау қызметкерінің 30 бас киік пен оның мүйіздерін тыққаны анықталды. Өткен жылы Батыс Қазақстан облысында заңсыз ауланған киіктердің мүйізін кәмпескелеген кезде 411 мүйіздің 263-і белгісіз жағдайда жоғалған. 

Атап айтарлығы, қозғалған қылмыстық істердің көпшілігі не тоқтатылады, не тергеу шаралары ұзаққа созылады. Соттар болса, әдеттегідей заң бұзушыларға жұмсақ жаза берумен шектеледі. Түнеу күні батыс қазақстандық инспекторлар бір мезгілде 30, 40, 100 бас киіктерді қырған фактілерді анықтады. Сол жолы 18,80 кесілген мүйіздерді партиямен жинаған, қылмыскерлер ұсталған. Бірақ соттар браконьерлердің көлігі мен қаруын кәмпескелеуге шешім шығармайды. Мұны пайдаланған браконьерлер қылмысын жалғастыра береді. 

Жоғарыдағы жайттардың барлығы мемлекеттің табиғат қорғау жүйесінде үлкен кемшіліктердің көбейгенін көрсетіп отыр. Бұл – ұлттық қауіпсіздігімізге төнген зор қауіптің бірі. Осы қатерге уақытылы тосқауыл қойып, киелі жануарларды қорғау, сақтау, көбейтуге іс-әрекет жасамасақ, ертеңгі күні бармақ шайнап қалатынымыз анық. 

Осыған байланысты мынадай мәселелерді шешуді ұсынамыз: 

1. Қазақстанда киіктерді қорғау туралы жаңа, бөлек заң қабылдауымыз керек. Сол заңда киік атқан, киелі жануарлардың өміріне қауіп төндірген адамдарды қатаң жазалайтын (өмір бойына бас бостандығынан айыру, өлім жазасына кесу т.б.) жаңа бап енгізілуі тиіс. Бүгінгі заңымызда киік атқан адамға 300 АЕК көлемінде айыппұл салу, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы өте жеңіл. Екіншіден, браконьерлермен ауыз жаласқан табиғат инспекторларын, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қатаң жазалайтын бап керек.

2. Елімізде киік атуға мүлдем тыйым салып, оның мүйізі мен тұяғын экспорттау қылмысына толықтай тосқауыл қою үшін мәңгілік мораторий жариялағанымыз абзал. 

3. Киік атып, қолға түскен адамның дүние-мүлкін толық кәмпескелеу – ең қатал жазалардың бірі болмақ. Себебі, оларға қатысты қозғалған қылмыстық істі тезірек жабуға құқық қорғау қызметкерлерінің өзі мүдделі болады. Яғни, браконьерлер құқық қорғау қызметкерлеріне «үлесін» апарып береді. Бұл жердегі жемқорлықты жоюдың бірден-бір жолы осы ғана.

4. Киіктерді қорғау мақсатында Қазақстанда Ұлттық парк ашу. Бұл паркті Қорғалжын-Теңіз алабында ұйымдастыруға зор мүмкіндіктер бар. Ол үшін бақтың айналасын қоршап, киіктерді көздің қарашығындай сақтайтын мамандар даярлайтын орталықтар ашылғаны жөн. Мұндай бақ Қорғалжын көліндегі саны азайып бара жатқан қоқиқаздарды да сақтауға септігін тигізеді. 

5. Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынатын «Охотзоопром» мекемесінен киіктерді қорғау қызметін алып, жаңа мекеме құратын кез келді. Ол мекеме түз тағыларын қорғауда заманауи цифрлық технологиялармен жабдықталып, шетелдердегі ұлттық бақтардың үлгісімен жұмыс істесе нұр үстіне нұр болар еді. 

6. Киіктерді қорғау жөніндегі қоғамдық қор құру керек.

7. Көп жағдайда браконьерлер сенімхат негізіндегі көліктермен киелі жануарларды аулауға шығады. Бұл жерде браконьерлер ұсталған жағдайда кейіннен қылмыс жасалған көлік иесіне қайтарылады. Қылмыс үстінде ұсталған браконьерлердің барлық заттарын оның ішінде көлікті де қоса кәмпескелеу мәселесін қарастыру жөн болар еді».

Әділбек Қаба