Қаржының орнымен пайдаланбайтыны туралы сенаторлар аз айтып жүрген жоқ. Бұл жолы да аянып қалмады. Бүгін 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп беруге келген Үкімет пен Есеп комитетінің есептері тағы сынға ілікті.
Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы айрықша назарда екенін айта келіп: «Осы бағыттағы бағдарламаларды іске асыруға республикалық бюджеттен жыл сайын айтарлықтай қаражат бөлінеді. Сол қаржыны тиімді пайдалануда үнемі кемшіліктерге жол берілуде. Соның салдарынан азаматтарды әлеуметтік қолдау және ел экономикасының дамуына қатысты индикаторлар бойынша әлі де қажетті жоғары межелерге қол жеткізілмей келеді», деді.
Сондай-ақ сенатор тағы бір өзекті мәселелердің бірі жергілікті бюджеттердің республикалық бюджеттен берілетін трансферттер мен субвенцияларға тәуелділігі жылдан-жылға артып келе жатқанын айта келіп, салыстырмалы түрде айтқанда, 2018 жылғы республикалық бюджеттен өңірлерге берілген субвенцияның көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 1,2 есеге өскенін және 1 триллион 573 миллиард теңгені құрағанын атап өтті.
Сенатор Н.Бекназаров бюджет қаражатын нәтижелі игеруге бағытталған жүйелі және кешенді жоспарлау жұмыстарының қажетті деңгейде жүргізілмейтінін, әзірленген және сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттамалардың 32%-ы ғана жүзеге асырылғаны, қалғандарының үш жылғы кезеңде іске аспай, ескіріп немесе қосымша қаражат бөле отырып, жаңа сараптама жүргізуді қажет етіп отырғанын сынға алды.
Депутат «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Құқық қорғау органдарын цифрландыруға қатысты 2 жобаны жүзеге асыру барысында қаржының толық бөлінбеуінің себебінен инвестициялық жобалардың техникалық-экономикалық негіздерінің мерзімі өтіп кеткенін мысалға келтірді. «Бағдарламаның уақтылы қаржыландырылуы, түзету және алдын-ала бағалаудың жоқтығынан «Қазақстан Республикасының шағын қалаларының жедел басқару орталықтарын құру және жүзеге асыру» жобасы бойынша сатып алынатын жабдықтардың көпшілігі қазіргі талаптарға сай емес немесе өндірістен алып тасталынған» деген сенатор осының салдарынан бюджет қаражаты тиімді пайдаланылмай, мемлекеттік бағдарлама өз мерзімінде орындалмай отырғанына өкініш білдірді.
Сенатор өз сөзінде мәлім еткендей, Бас прокуратураның «Электрондық қылмыстық істер» модулінің іске қосылуына байланысты Ішкі істер министрлігінің «Тергеуші» автоматтандырылған ақпарттық жүйесі» атқаратын функциясын қайталау орын алған, сондықтан техникалық-экономикалық негіздемені қайта түзету қажеттілігі туындаған.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзекті мәселе екенін алға тартқан сенатор Үкіметтен алдағы уақытта республикалық бюджетті қарау барысында құқық қорғау органдарын және сот жүйесін цифрландыру бағдарламасын толық қаржыландыру мәселін назарға алуды ұсынды.
Әділбек Қаба