01 мау, 2020 сағат 16:10

Сен жалғыз емессің: Алматыда мүгедек балаларға арналған акция өтті

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде Алматыда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мейірім акциясы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл шара мүгедектігі бар балалар мен тәрбиелеп отырған ата-аналарды қолдауға бағытталған. Оны «ITeachMe» біліктілікті дамыту орталығы» мен Орталық Азияның Еуразия қоры ұйымдастырып, Жетісу ауданының әкімі М. Қикымов қолдау көрсеткен. 

«Сіздің үйіңізге ертегі кейіпкері соңғы рет қашан келіп еді? Жаңа жылда шығар. Бұл дәстүрді өзгерту біздің қолымызда. Сондықтан, біз ертегілердің сиқырлы кейіпкерлерімен, сыйлықтар мен шар алып, ерекше экипажды дайындадық. Біз мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған 30 отбасыға барып, позитивті энергиямызбен бөлістік. Біздің ойымыз – әр баланы ғажайыпқа сендіру», - дейді «ITeachMe» біліктілікті дамыту орталығының директоры Захира Бегалиева. 

Орталықтың хабарлауынша, 12 жасар Рафаиль сурет салғанды, құрастырғанды жақсы көреді. Музыкалық аспаптарға да жаны жақын. Кеңестік мультфильмдерді жинауды ұнатады. Бөренеден салынған үйде тұруды армандайды.

Ал 5 жасар Руслан сөйлемейді. Ол жүзумен, иппотерапиямен айналысады. Екі жылда жүзуді игеріп алды, нәтижесі жаман емес. Анасы айтқан ертегілерді тыңдап, кітап оқып бергенін жақсы көреді. 

«Қазір бәріміз қиын кезеңді бастан өткеріп жатырмыз, әр адам үшін үйде оқшаулану – күш пен төзім сынағына айналды. Бірақ көптеген мүгедектігі бар адамдар үшін «оқшаулану кезеңі» өмір бойы өтеді. Шынында да, олардың қоғамның тең құқықты мүшесі болуы қиынға соғады. Тұрғын үйлердің кіреберістері, баспалдақтар мен сатылар кедергі келтіреді. Бірақ осындай сынақтарға қарамастан, балалар өздерінің таза жанына, ертегілерге, ғажайыптарға және жақсы адамдарға сенеді», - дейді 11 жастағы Шухрат Юсуповтың анасы Альмира Юсупова.