10 там, 2021 сағат 16:58

Семейлік оқушылар 3 мың рубик текшесінен Абайдың портретін жасады


Семей қаласында оқушылар 3 мың рубик текшесінен Абайдың панно портретін жасап шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

10 тамыз – Абай күніне орай семейлік оқушылар ұлы ақынның панно портретін жасады. Ол үшін 3000 рубик текшесі қажет болды. Бұған дейін оқушылар Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде Әлихан Бөкейханның портретін жасаған болатын. 

«Хакімнің 176 жылдығына орай балалармен бірігіп, оның панно портретін жасап шықтық. Оқушылар бұл портретті 6 сағатта құрастырды. Мұқият қарасаңыз, панно пиксельдерден тұрады. Оны толық құрау үшін арнайы бағдарлама бар. Ол дайын портретті кубиктің түстеріне сәйкес реттеп қойып береді. Панно портреттің жалпы салмағы 450 келіні құрайды», - деді «Қазақстан спидкубинг федерациясы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Арман Машимов.

Айта кетейік, Абайдың панно портреті Семейдегі музейге қойылып, тамыз айының аяғына дейін келушілердің назарына ұсынылады.