20 сәу, 2020 сағат 19:00

Семейде көппәтерлі үйден өрт шығып, 11 отбасы баспанасыз қалды

Семей қаласындағы көппәтерлі тұрғын үй отқа оранды, деп хабарлады "Ұлт ақпарат".

Қалалық ТЖБ баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 20 сәуір түнгі сағат 02.00 шамасында Мелькомбинат көшесіндегі екіқабатты тұрғын үйде өрт шыққаны жайлы хабар түскен. Анықталғандай 18 пәтерлі үй төбесінің ағаш құрылымдарын жалын шарпыды. Салдарынан екінші қабаттағы 4 пәтердің төбесі құлаған. Тілсіз жаудың жалпы аумағы 250 шаршы метрді құрады.

«Сол жерден 39 адам эвакуацияланды, оның ішінде 9 бала бар. Зардап шеккендер болған жоқ. Бұл үйде 41 адам тұрады», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Өрт сағат 05.28-де толықтай сөндірілді. ТЖБ өкілдерінің дерегінше, тілсіз жаудың кесірінен қазіргі уақытта 11 отбасы баспанасыз қалған.