14 мам, 2020 сағат 19:41

Сел салдарымен күресте Мақтаарал тәжірибесін пайдаланамыз - Өмірзақ Шөкеев

Түркістан облысында нөсер жауыннан үйі бүлінген азаматтардың шығыны арнайы сараптау комиссиясының шешімімен анықталады. Бұл туралы бүгін аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев төтенше жағдай жөніндегі штаб отырысында мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Өңір басшысының сөзінше, қазіргі таңда жарамсыз болған үйлер мен жөндеуді қажет ететін баспаналарды қайта қалпына келтіру мәселелері қарастырылуда.

«Жергілікті деңгейдегі төтенше жағдайдың салдарын өз күшімізбен жоямыз. Оған тәжірибеміз жеткілікті. Сел салдарымен күресте Мақтаарал тәжірибесін пайдаланамыз. Су шайған аумақтар секторға бөлінген. Оларға көмекке келген өзге аудан басшылары жауапты. Ел болып жұмылып, төтенше жағдайды еңсеруге барлық мүмкіншілік бар», – деді Өмірзақ Шөкеев штаб отырысында.

Айта кетейік, кеше кешкісін Түркістан облысының таулы аудандарында нөсер жауын салдарынан бірнеше ауданды су шайған болатын. Төлеби, Қазығұрт, Бәйдібек аудандарында жалпы саны 522 үйдің ауласын су шайып, 4 үйді су басқан.

Төтенше жағдай орын алған ауданнан 258 адам эвакуцияланды. Су тасқыны зардабын жоюға 612 маман, 84 техника және 47 мотопомпа жұмылдырылды.