Фото: parlam.kz
Мәжіліс депутаты, «ОСДП» фракциясының жетекшісі Асхат Рахимжанов қазақстандық лауазымды тұлғалардың америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейнмен ықтимал байланыстарын тексеруді сұрап Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асыловқа және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Ult.kz.
Депутаттың мәліметінше, шетелде жарияланған «Эпштейн файлдарында» «Ескі Қазақстан» кезеңіндегі саяси элита өкілдерінің есімдері кездеседі. Атап айтқанда, бұрынғы Премьер-Министр және ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің аты кемінде сегіз рет аталады делінген. Құжаттарда Эпштейн мен Мәсімовтің жеке таныстығы болғаны көрсетілуі мүмкін екені айтылған.
"Көптеген сұрақтар туындайды. Неліктен жоғары лауазымды қазақстандық шенеунікке Эпштейнмен кездесуді өзі бастамалап, жүздесу қажет болды? Бұл кездесулер қай аумақта өтті? Әлде сол атышулы аралда болған жоқ па?" - дейді Рахимжанов.
Сондай-ақ депутат шетелдік БАҚ-та жарияланған материалдарға сүйене отырып, Эпштейннің Нью-Йоркте бұрынғы вице-премьер, Ұлттық банк экс-төрағасы Кайрат Келимбетовпен бірге демалғаны туралы ақпаратқа назар аударған.
"Еске салайын, өткен кезеңде Қ. Келімбетов Премьер-Министрдің орынбасары қызметін атқарып, Ұлттық банкті басқарған. Тағы да сұрақ туындайды – Келімбетовке бұл кездесулер не үшін қажет болды? Әлде бұл жүздесулерді өз мүддесі үшін Эпштейннің өзі бастамашы болды ма?
Хат-хабар алмасуда Масимов пен Келімбетовтің Джеффри Эпштейнмен байланыстары мен кездесулері талқыланады, жеке сәлемдемелер жолданып, түрлі ортақ іс-шаралар сөз болады. Сондай-ақ есімі аталмаған өзге де тұлғалар, мысалы, мемлекеттік қауіпсіздікке жауапты жоғары лауазымды бір генерал туралы айтылады. Бұл кім? Бәлкім, бұл тағы да сол Масимов болуы мүмкін бе?" - деп тағы сұрақ қойды ол.
Сонымен қатар депутаттың сөзінше жарияланған құжаттардан Эпштейннің Қазақстанға бірнеше рет келгені белгілі болады. Дегенмен файлдарда оның еліміздегі барлық байланыстары толық көрініс таппаған болуы ықтимал.
"Аталған жанжалға қатысты халықаралық жарияланымдарда АҚШ-та мән-жайы толық анықталмаған жағдайда қаза тапқан қазақстандық модель Руслана Коршунова да аталады. Еске салайық, сөз жай ғана жеке тұлға туралы емес, кәмелетке толмағандарды сексуалдық қанаудың халықаралық желісін ұйымдастырушы деп танылған, саяси, қаржылық және барлау орталарымен тұрақты байланысы болған адам туралы болып отыр", - деді Асхат Рахимжанов Мәжілісте.
Депутаттың сауалында келесі сұрақтар қойылған:
Джеффри Эпштейн Қазақстанға қандай мақсатпен келген және кімдермен кездескен?
Қызметтік немесе құпия ақпараттың сыртқа шығу деректері болған ба?
Мемлекеттік шешім қабылдайтын тұлғаларға сыртқы ықпал ету арналары қалыптасты ма?
Бұл байланыстар сол кездегі ел басшылығы тарапынан санкцияланған ба?
Депутат «Эпштейн файлдарында» аталған қазақстандық лауазымды тұлғалар мен олармен байланысты адамдар туралы ақпаратты тексеруді; Қазақстан аумағында немесе шетелде басқа да саясаткерлердің, кәсіпкерлердің және шоу-бизнес өкілдерінің Эпштейнмен байланыстары болған-болмағанын анықтауды; Ұлттық қауіпсіздікке төнуі мүмкін қатерлерге құқықтық баға беруді; Тексеру нәтижелерін Парламент пен қоғамға жариялауды сұрайды.
