Фото: neark.kz
15 наурызда өтетін референдумға байланысты қоғамда ел дамуы үшін маңызды қадам деп бағалағандар да, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігін алға тартқандар да бар. Әсіресе, халықтың өзгерістерге деген сенімі қандай, азаматтар ұсынылып отырған бастамалардың мән-маңызын толық түсініп отыр ма деген сауалдар жиі көтеріле бастады.Осы орайда біз бірқатар депутаттарға халықтың референдумға көзқарасы, өңірлердегі түсіндіру жұмыстарының барысы және қоғаммен кері байланыстың деңгейі туралы сұрақ қойдық. Ал ақпараттандыру науқаны талапқа сай жүріп жатыр ма? Өңірлерді аралап жүрген депутаттар пікірін Ult.kz тілшісі сұрап білді.
Депутат Еркін Әбіл:
«Бір ай деген аз уақыт емес. Әсіресе қазір бұрынғыдай емес, ақпараттық инструменттер көп. Сондықтан ақпарат тез таратылады. Өзім ертең тағы да өңірге шығайын деп жатырмын. Халықпен, әр түрлі саяси топтармен және қоғамдық бірлестіктермен кездесіп, ақпараттық жұмысты жалғастырып жатырмыз. Біз де, басқа да жергілікті өңірлік штабтары бар және бүкіл саяси партиялар осы жұмыспен айланысып жатыр. Сондықтан аз деуге болмайды. Әсіресе қазір ақпараттық механизмдер көп.»
Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ:
«Мысалы маған біреулер «көп келесіңдер» деп айтып жатыр. Мен Түркістан, Жамбыл, Шымкент, Ақмола және Қарағанды облыстарын аралап келдім. Азаматтардың белсенділігі жақсы. Өте көп сұрақтар қояды. Сұрақтарының ішінде салмақты сұрақтар бар. Талқылау барысында бір-бірімізбен тіл табысып жатырмыз. Басында кішкене дауыс көтеріп сұрақтар қойғанымен, кейін күліп тарқасып жаттық. Сондықтан түсіндіру көп емес, әлі де бару керек. Менің ойымша ауылара өздері күңкілдескеннен гөрі, түсіндіре алатын жалпы ұлттық коалицияның мүшелері барып, әрбіреуіне түсіндіріп, тіл табысқаны дұрыс. Әйтпесе адамдардың ішінде күмән қалып қалады. Мен 10 күннің ішінде барған аудиторияларда азаматтар саны 10 мыңнан асты деп ұялмай айта аламын.»
Мәжілісмен Ермұрат Бапи:
«Науқанның жүргеніне соңғы бір-екі ай болды ғой. Қазіргі буырқанып тұрған заманда арқаны кеңге салып жүретін заман емес. Қазір бұл Конституцияның қажеттілігі сыртқы жағдайларға, тәуекелдер мен қатерлерге байланысты туындаған мәселе. Елдің өз ішінде Конституцияға байланып қалған ешқандай қажеттілік болған жоқ. Біз елдің өз ішін жаңа Конституциясыз-ақ өзгертуге мүмкіндігіміз бар, құдайға шүкір! Заң шығарамыз, әлде бір өзгерістер жасаймыз, ішкі реформалар жасауға болады. Ал бұл қабылдануға ұсынылып отырған заң жобасы – сыртқы тәуекелдерге. Қазір бүкіл әлемде сауда соғысы, пошлина, санкциялар соғысы жүріп жатыр. Бір ел мен бір ел кикілжіңге келіп, бір ел екінші елдің жерін тартып алмақшы болып жатыр. Бір елдің президентін ұрлап әкетіп, соттағалы жатыр. Осындай қатерлердің ортасында тұрған кезде біздің Қазақстанда өз мемлекеттілігін, тәуелсіздігін, елдігін қамтамасыз ететін осындай үлкен Ата заңдық құжат керек.»
Еске салсақ 2026 жылы 15 наурызда Қазақстанда республикалық референдум өткізіледі. Ол Конституцияға енгізілетін түзетулерді халықтың қолдауын анықтауға арналған. Референдум нәтижесі елдің саяси бағыты мен мемлекеттік басқару жүйесіне тікелей ықпал етеді.
