Алматылық құтқарушылар «Су айдындарындағы қауіпсіз жаз» науқанын жалғастыруды қамтамасыз етуде. Демалыс күндері Ауғанстан азаматы судан құтқарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Төтенше жағдай депаратаментінің мәліметінше, карантинге қарамастан, ыстық күні салқын суға шомылғысы келетіндер саны күннен-күнге көбейіп келеді. Алматылық құтқарушылар суға шомылу ережелерінің сақталуы мақсатында алдын алу шаралары мен рейдтер өткізуде.
Сенбі күні ТЖ қызметкерлері Алатау ауданындағы ірі супермаркеттерде «Қауіпсіз жаз!» науқанын ұйымдастырды. Супермаркет кассасының жанында келушілерге сауда жасаған түбіртекпен қоса, «Су қоймаларындағы қауіпсіздік ережелері» туралы жадынамалар таратылды.
Сонымен бірге, қаланың барлық аудандарында төтенше жағдай, полиция, Ұлттық ұланның патрульдері және волонтерлер бірлесіп, демалуға рұқсат етілмеген жерлерде суға шомылудың алдын алды. Жетісу ауданындағы Есентай өзенінің бойында және Кемел шағын ауданындағы тоғандарға жүргізілген рейд барысында суға түсуге рұқсат етілмеген жерде ересектердің қарауынсыз шомылып жүрген жас балалар анықталды. Олармен профилактикалық әңгімелер өткізіліп, «Ізгі ниет» еріктілері «Суда абай болыңыздар» атты ескертпелермен таныстырды.
Әуезов ауданында «109» Құтқару қызметінің құтқарушылары моторлы 2 қайықпен кезекшілікте болды. Әуезов ауданы ТЖ бөлімінің қызметкерлері ЖПҚБ инспекторымен Сайран көлінің батыс жағалауын шолу кезінде 34 және 35 жастағы екі әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364-бабы 1-бөлігіне сәйкес «Жалпы суды пайдалану ережелерін бұзғаны үшін» әкімшілік хаттама толтырылды.
Жексенбі күні Алмалы ауданында Сайран су қоймасының шығыс жағалауына демалуға келген 18 жастағы Дүйсеш Марғұлан – жағадан 8 метр қашықтықта ер адамның суға батып бара жатқанын байқап қалған.
«Тез арада көмекке ұмтылған Марғұлан оны жағаға сүйреп шығарды.Суға батып бара жатқан адамды су қоймасында кезекшілікте болған «109» қызметінің қызметкері Қозы Бүркітбайхан да байқап, көмекке ұмтылды. Жас жігіт жағаға сүйреп шығарған адамға құтқарушы тез арада алғашқы көмек көрсетіп үлгерді. Зардап шегуші Ауғанстан Республикасының 1977 жылы туған азаматы Ахмади Заман Мухаммад №7 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді. Жағдайы тұрақты. Өміріне қауіп жоқ», - деп хабарлады ТЖД-дан.
Осыған байланысты, құтқарушылар Алматы қаласының тұрғындары мен қала қонақтарына ескертеді:
- «Шомылуға тыйым салынады» белгісі бар жерлерде орнатылған шекарадан асып кетпеуді;
- алкогольді ішімдік ішіп және есірткіге елтіген күйінде суға шомылмауды;
- балаларға ересектердің қарауынсыз суға түспеуді;
- су қоймаларын ластамауға және қоқыс тастамауды, кір жумауды, жанармай құймауды, суға шомылуға арнайы рұқсат етілген жерлерде және оларға жақын орналасқан аумақтарда, оның ішінде жағажайдан 500 метрге дейін қашықтықта көлікті жумауды және жөндемеуді.