Елордада сайлаудың өту барысын байқаушы Италиядағы Еуропарламент депутаты Фульфио Мартушелло саяси оқиғаға қатысу үшін Қазақстанға арнайы келген отандасымыздың белсенділігін ерекше атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен сайлау басталғалы бірнеше учаскеге бардым. Біздің есеп бойынша ол учаскелерде таңертең сайлауға қатысушылардың 42% өз таңдауын жасады. Бұл - халықтың белсенділігінің көрсеткіші және ол бұл үрдіс біз кетем дегенше жалғасын тапты. Сонымен қатар, сайлау учаскелерінде тиісті санитарлық талаптардың орындалу барысын байқадым. Сайлау процесін бақылау мұнымен бітпейді, біз басқа да елдерден келген әріптестерімізбен талқылау өткіземіз. Одан бөлек, азаматтардың осы сайлауға қатысты басқа да сұрақтары болса, оны менің электронды поштама жолдау мүмкіндіктері бар», - деді Фульфио Мартушелло елордада тәуелсіз халықаралық байқаушылардың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, сайлауға келушілердің арасында әйелдер мен жастар басым.
«Біз сайлау учаскесіне барғанда алдымен халықпен сөйлесеміз, яғни сайлаушылармен әңгімелесеміз. Содан соң ғана ұйымдастырушылармен сұхбаттасамыз. Өзім барған сайлау учаскелерінде бірнеше жайтқа куә болдым. Бір кісі сайлау учаскесінің ашылуына 1 сағат қалғанда ерте келіп алған. Белсенді сайлаушымен сөйлесіп, сәттілік тіледім. Екінші жағдай - Қазақстан азаматы сайлауға қатысу үшін Ыстанбұлдан (Түркия) арнайы келген, бұл шынын айту керек, мені таңғалдырды», - дейді ол.