30 қыр, 2016 сағат 09:31

Саят Медеуов: Онсыз да аз қазақтың санын тоқал алып көбейткен абзал

Қазір біздің қоғамда тоқал алу мәселесі жиі қозғалып жүр. Көп әйел алуды бірі қолдаса, екіншілері үзілді-кесілді қарсы. Тіпті тоқал алуды заңдастыру керек деген пікірлер де жоқ емес халық арасында. Танымал әнші Саят Медеуов те көпшіліктің, әсіресе ер адамдардың көкейінде жүрген осы бір мәселеге қатысты ойымен бөлісті. Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы тоқал алуға қарсы емес екен, тіпті көп әйел алып, үлкен жауапкершілік арқалаудан қашпайтын жігіттерді қолдау қажеттігін айтып отыр. Бұл туралы әнші Астана телеарнасының «Сырласу» бағдарламасында мәлімдеді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.

Өзінің тек қыздардың әкесі екенін айтқан әнші, ұл туып бермегені үшін жарын жазғырмайтынын айтты. Оның айтуынша, бақытты ұлдан көресің бе, қыздан көресің бе — бұл Алланың еншісіндегі дүние.

Дегенмен, әнші тоқал алу мәселесіне келгенде, екінші жар алған азаматтарды қолдау керектігін айтып салды. Оның айтуынша, онсыз да аз қазақтың санын осылайша арттыра түскен абзал.

«Балаға бола екінші рет үйлену мүмкін нәрсе. Әр адам әр нәрсені жақсы көреді ғой. Мысалы мен болмайтын темір тұлпарды жақсы көремін. Сол сияқты біреу ұлды, біреу қызды жақсы көреді. Оған кінә тағуға да болмайды ешкімге. Сол үшін біз «Сен неге ұл тумады деп екінші әйел алдың» деп ешкімді жазғыра алмаймыз. Оның екінші әйелі қыз туа ма, ұл туа ма оны да бір Алла біледі», -деп жеткізді ол перзентке бола тоқал алу мәселесіне қатысты ойын.

«Оған біз қарсы шықпауымыз керек. Мүмкін ол алған әйелін бақытты ететін шығар, жағдайын жасап жатқан шығар. Неге біз тоқал алып жатқан адамды жазғыруымыз керек. Қолдауымыз керек. Өйткені онсыз да қазағымыздың саны аз. Онсыз да қыздарымыз шетелге тұрмысқа шығып кетіп қалып жатыр», — деді ол.

kaz.365info.kz