30 мам, 2020 сағат 11:30

Саяси құрбандыққа ұшырағандардың бірде-бірі белгісіз қалмауы тиіс - ғалым

Келер ұрпаққа саяси қуғын-сүргінге ұшыраған аты-жөні белгісіз бірде-бір адам қалмауы керек. Мұндай пікірді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Тарих факультетінің деканы Тілеген Садықов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жыл сайын аталап өтілетін 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп аталады. Шынында да кешегі кеңестік толитарлық жүйе кезінде ең көп зардап шекен ел - Қазақстан, халық - қазақ халқы. 1997 жылы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен осы күн Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде жарияланғаны мәлім. Тәуелсіз замандағы тарих беттерінде өте маңызды орын алып отырған мәселе - сол кезеңде зобалаңға, қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың атын жаңғырту, тарихын зерттеу. Бүгінде көптеген тарихшылар дәл осы мәселемен айналысып жатыр. Қарап отырсаңыздар, кешегі кеңестік дәуірде, 30-шы жылдардың ортасынан бастап 50-шы жылдардың соңғы екінші жартысына дейін қазақ даласы лагерьге айналған екен», - деді ғалым. 

Дәл осы тақырыпқа біраз қалам тартқан ғалымның есебі бойынша Қазақстан жерінде сол уақытта 60-қа жуық лагерь және оның бөлімшелері болған. 

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуінде айтылғандай, 5 миллионға жуық адам қазақ жеріне еріксіз жер аударылды. Қазақстанның өзінде 100 мың адам тұтқынға алынып, оның 20 мыңы атылып кетті. Шын мәнісінде, мұны толық анықтайтын деректер болуға тиіс. Яғни, тарихи бетіндегі осынау олқылықтың орнын толтыруымыз қажет. Бір ғана Орталық Қазақстан аймағында үлкен-үлкен лагерьлер болды. Мемлекет басшысы үндеуінде айтылған АЛЖИР 1934 жылы құрылды. Сол кезеңдегі кеңес үкіметі тоталитарлық жүйесінің саясатына байланысты ЧСИР - «член семьи изменника родины» деген болды. Сталиннің, оның айналасындағы адамдардың логикасы өте дөрекі еді. Яғни, «Егер сол отбасының басшысы халық жауы болса, онда оны жұбайының, балаларының білмеуі мүмкін емес. Ал оған қарсы шықпаса, олар да халық жауы, соған тілектес» дегенге саяды. Соған байланысты жоғарыда аталған АЛЖИР ашылды. Қазақстандағы ең үлкен лагер КАРЛАГ 30-шы жылдардың басында құрылды. Соғыс кезінде, соғыстан кейін 40 мыңға дейін тұтқын дәл осы лагерьде болды. Қазір түсті металлургия алыбы болған Жезқазған жерінде атақты Степлаг болды», - деді факультет деканы. 

Осы ретте Тілеген Сыдықов Президенттің саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құру бастамасы өте дұрыс шешім деп есептейтіндігін баса айтады. 

«Тарихтың ақтаңдақ беттерінің айтылғанынан айтылмағаны көп. Архив қойнауын көтеріп, ғалымдар, осыған қатысы бар саяси және мемлекеттік тұлғаларды жұмылдыра отырып, әлі де есімі аталмаған, белгісіз болып қалған тұлғалардың атын жарыққа шығару керек. Сүттің бетіне шығатын қаймақ болған қазақтың біртуар азаматтары құрбан болып кетті. Ұжымдастыру саясаты тұсында да біз 3,5-4 млн адамымыздан айырылдық деп отырмыз. Ұжымдастыру кезінде де ең көп зардап шеккен - қазақ халқы. Бұл да ұрда-жық саясаттың зардабы. Украиндықтар мұны ашаршылық деп жариялап, оның қайғы-қасіретін зерттеу үстінде. Олардың дерегінше, украиндықтардың 10 пайызы зардапқа ұшыраған екен. Ал сол кезеңде қазақтың жартысы қуғын-сүргінге, қырғынға ұшырап кетті. Осының бәрін бүгінгі ұрпақ, тарихшылар, ғалымдар мемлекет деңгейінде көтермесе қалай болмақ? Келер ұрпаққа құрбандыққа ұшыраған аты-жөні белгісіз бірде-бір адам қалмауы керек. Сондықтан бұл үндеуді өте дұрыс қабылдадым. Мемлекеттік комиссия құрамына тек шенеуіктер кірмеуі тиіс. Оған тікелей мүдделі басшылықпен қатар ғалымдар, зерттеушілер кіруі қажет. Архив беттерін әлі де қопаруға тиіспіз. Ішкі істер, прокуратура сынды мекемелердің архивтерін көтеруіміз керек. Сонда көп материал табылады. Президент тапсырмасымен құрылатын мемлекеттік комиссия міндетіне сол кіреді дер едім», - деді ғалым.