31 мам, 2025 сағат 13:35

Саяси қуғынға ұшыраған 300 мыңнан астам азамат ақталды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шарада сөз сөйледі, деп хабарлайды Ult.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан 5 жыл бұрын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғанын атап өтті. Мемлекеттік және мекемелік архив құжаттары егжей-тегжей зерттелді. Саяси қуғынға ұшыраған 300 мыңнан астам азамат ақталды. Екі жарым миллионнан астам материалдың құпия белгісі алынып тасталды. 

Комиссия зерттеген құжаттар негізінде 72 томдық жинақ дайындалды. Қуғын-сүргін кезінде Алашорда қайраткерлеріне қатысты қозғалған істер 12 том болып жарыққа шықты. Бұл еңбекті әзірлеу барысында бұрын еш жерде жария етілмеген құжаттар алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді. 

Сондай-ақ Президент архивінің жанынан ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құжаттарын зерттеумен айналысатын арнайы орталық ашылды. Бұрын құпия болып келген 700 мың құжат, яғни қылмыстық іс осы орталыққа тапсырылды. Бұл – шын мәнінде, елімізде бұрын-соңды болмаған өте ауқымды жұмыс. 

"Біз жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен дәрігерлердің, сондай-ақ, олардың туыстары мен жұбайларының есімін ұмытпауымыз керек. Бірақ қандай ауыр болса да, өткен күндердің қасіреті еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне кедергі болмауға тиіс", - деді Президент.