Саяси қуғын-сүргін және ақтау процесіне қатысты ғылыми бағдарлама әзірленді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Кеше мемлекеттік комиссияның 2-отырысы өтті. Күн тәртібінде жүрген біраз мәселе талқыланды. Оның ішінде аймақтағы комиссиялардың жұмысына қатысты мәселелер пысықталды. Мемлекеттік комиссия қызметін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстанда 20-ғасырдың 20-50 жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін және ақтау процесі» бірыңғай деректер базасын қалыптастыру тақырыбында арнайы ғылыми бағдарлама әзірленді. Ол бағдарлама дайын. Қаржы мәселесі толықтай шешілді. Комиссияның бүкіл жұмысы, зерттеушілеріміздің бәрі осы ғылыми бағдарлама негізінде ары қарай жұмыс істейді. Бағдарламаны келесі аптада жоғары ғылыми-техникалық кеңестің отырысында да қарастыратын боламыз. Кеңес қорытындысы бойынша бағдарламаға қатысты күн тәртібіндегі мәселелер болса, онда қосымша қабылдаймыз», - деді Ералы Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, мемлекеттік комиссияның жұмыс бағыттары бойынша 11 жұмыс тобы құрылды. Бұл топтардың жұмысына еліміздегі жетекші ғылыми-зерттеу институттарының, ЖОО-лардың 57 ғылыми қызметкері жұмылдырылды.
«Барлық мемлекеттік органдармен комиссияның жұмыс топтарының бірлескен жұмысын қамтамасыз ету мақсатында арнаулы жобалық кеңсе құрылып, қызметін бастап кетті. Кеңсе құрамында 11 мемлекеттік органның өкілдері, 6 ғалым бар. Олар жұмысын істеп жатыр. Барлық өңірде әкімдердің орынбасарлары басқаратын арнаулы өңірлік комиссиялар құрылды. Олардың да құрамына жергілікті ғалымдар, қоғам өкілдері, мәслихат депутаттары кіреді. Жергілік комиссиялар аймақтық мұрағаттарға қатысты жұмыстарды атқарады», - деді Үкімет басшысының орынбасары.