28 мам, 2021 сағат 18:06

Саяси қуғын-сүргін ұғымының ауқымы кең - Бақытжан Сатершинов


Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды зерттеу жұмысы бір немесе екі жылда аяқталмайды. Мұндай пікірді ҚР БҒМ Философия, саясаттану жəне дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Сатершинов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ғалым Бақытжан Сатершиновтың айтуынша, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы мәселе былтыр көтерілді.

«2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялаған болатын. Президент саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру керектігін тапсырды. Мемлекеттік комиисияның құрамына еліміздегі бірнеше министрліктің өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар мен сарапшылар кірді. Комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев алғашқы жиынды желтоқсан айында өткізді. Сол отырыста атқаратын жұмыс бекітіліп, тапсырмалар берілді»,- дейді Бақытжан Сатершинов.

Сонымен қатар, ол 11 жұмыс тобы құрылғанын айтты.

« 11 арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның біріншісі, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі методологиялық кіші комиссиясы. Сол сияқты әртүрлі категория бойынша жұмыс топтары құрылды. Топ өкілдері жабық архивтердегі материалдарға қол жеткізу үшін арнайы тексеруден өтті. Содан кейін барып жұмысқа кірісті. Біздің топ - саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, дәстүрлі дін өкілдерін зерттеу, зерделеу, талқылау тобы»,- дейді ғалым.

Оның айтуынша, зерттеу жұмысы бір немесе екі жылда аяқталмайды. Өйткені, қуғын-сүргін ұғымының ауқымы кең.

«Құғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары 1953 жылдары басталды. Тәуелсіздік алғанан кейін 1993 жылы арнайы заң қабылданды. Соның аясында үш мыңнан аса адам ақталды. Қазіргі жұмыс тобының алдындағы міндет - ақталмаған адамдарды табу. 1926 жылы қабылданған Қылмыстық кодекстің 58-бабы бойынша сотталғандардың бәрі белгілі. Негізінен солар ақталған. Басқа да баптар бар. Олар жабық мұрағатта сақтаулы тұр. Құпия құжат болғандықтан, архивтердегі құжаттарды зерттеу көп уақыт алады»,- дейді ол.

Спикер ақталған адамдар кезінде ел үшін еңбек еткен болса олардың есімін ұлықтау қажет деп есептейді.

«Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың арасында еліне еңбек сіңіргендер болуы әбден мүмкін. Міне, біз сол есімдерді зерттеуіміз қажет. Олардың ерліктерін болшақ ұрпақ білуі тиіс. Ол туралы ғылыми еңбектер жазылуы керек. Осының бәрі кешенді жұмысты қажет етеді»,- деді Бақытжан Сатершинов.