ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының толық тізімін жасау жұмыстарына қатысты ұсыныс айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мамандар толық тізімін жасау мүмкін еместігін алға тартып отыр. Қазақ халқының шежіресі бар. Әркім өз шежіресінде өткен ғасырдың 20-30 жылдардағы деректерді қамту керек. Бүкіл қазақ ел болып жасамасақ, оны жалғыз мемлекеттік комиссия шеше алмайды. Мысалы, Украинаның өзінде үй-үйді аралау жүргізілді, олар құжаттарды біршама ретке келтірді» - деді Әбдіғалиұлы Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, мемлекеттік комиссия жұмысымен қатар, халық та өз ұсыныстары мен естеліктерін жеткізіп, көмек көрсетуі керек.
«Бұған баршамыз бірдей атсалыспасақ, ұлттық жоба ретінде үлес қоспасақ, олардың тізімін жасау мүмкін болмайды. Сондықтан әр азамат өзінің шежіресін қарап, түгендеп шықса, ол да бір үлкен нәтиже болар еді. Әрине, біз өз тарапымыздан құжаттарды қараймыз, бірақ әрбір отбасының тізімін ашу қиынға түседі», - деді депутат.