12 мау, 2020 сағат 11:21

Сәуле Қисықова: Коронавирусқа байланысты қауіп ойдан шығарылған деп айтуға болмайды

Коронавирус пандемиясының қатеріне бей-жай қарауға болмайды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қала тұрғындарынан әлі де сақтану керектігін талап етеміз. «Коронавирус пандемиясы бітті және оған байланысты қауіп-қатер ойдан шығарылған» деп айтуға болмайды. Инфекция қаупінің негізгі факторы – адамдардың көп жиналуы, түрлі шараларға қатысу, маска тағу режимі мен әлеуметтік қашықтық сақтамау, жеке гигиена талаптарын орындамау», - деді С. Қисықова Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Оның сөзіне қарағанда, қаланың медициналық ұйымдары қажет көмек көрсетуге толық дайын. 

«Біз барлық ұсыныстар мен берілген кеңестерді орындауды сұраймыз. Бұл барша тұрғындар үшін қажет», - деді басқарма басшысы.