Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова қалада пневмонияға шалдыққандар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Күніне коронавирус инфекциясы және пневмониямен 350-400-ге жуық адам ауруханаға жатқызылады. Жұқпалы аурулар және провизорлық ауруханаларда адамдардың саны бүгінде 2,5 мыңға дейін өсіп отыр. Оның 91 пайызы орташа ауырлық дәрежесінде, 9 пайызы ауыр және өте ауыр. Олар жедел реанимация бөліміне бірден түседі. Негізі, соңғы аптамен салыстырғанда, науқастардың саны үш есеге дейін өсті»,-деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, осы тәулікте реанимация бөлімінде 103 адам жатыр, оның 51-і коронавирус инфекциясы болса, соның ішінде 22 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Өкінішке қарай, бүгінде 38 өлім жағдайы тіркелді. Олардың 70 пайызы - 60 жастан асқан адамдар.
«Пневмониямен ауыратын науқастардың саны тәулігіне 600 жағдайға дейін өсті. Бұрын 80 жағдайға дейін болатын. Аптасына 8,5 есеге дейін жоғарылауы байқалып отыр. 12 маусымнан бастап, Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық ұйымдардың төсек орны қорын қайта құруға байланысты жұқпалы және провизорлық ауруханалардағы төсек орны саны 1351 орынға ұлғайтылды. Тек соңғы үш күнде қосымша 830 төсек дайындалды. Оның ішінде бүгін Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың базасында тағы 200 инфекциялық төсек дайындалады. Сонымен, бүгінде коронавирус инфекциясымен күресуге 3 135 төсек орындық 12 денсаулық сақтау ұйымы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта жұқпалы және провизорлық ауруханаларда жұмыс жүктемесі 79 пайызды құрап отыр», - деді басқарма басшысы.