Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова елордада карантинді күшейту мүмкіндігі туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде карантинді күшейту шаралары негізінен әр өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Шынымен де, Нұр-Сұлтан қаласында зертханалық түрде коронавирус расталған адамдар саны өсті. Мұны елордада коронавирус инфекциясының ПТР диагностикасына зерттеу жүргізетін 7 зертхана қызмет етіп жатқанымен түсіндіруге болады», - деді С. Қисықова «Хабар24» арнасына берген сұхбатында.
Оның сөзіне қарағанда, күн сайын 4-тен 5 мыңға дейін тестілеу жүргізіледі.
«Сәйкесінше, тест жүргізу артса, онда індет жұқтырғандарды анықтау да көбейетіні түсінікті. Атап өтсек, осы инфекция табылған адамдардың ішінде 60-70 пайызында симптомсыз дәрежеде болады. Сондықтан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантин шараларын күшейту туралы шешімді Бас мемлекеттік санитар дәрігері қабылдайды», - деді басқарма басшысы.