07 қар, 2020 сағат 17:16

Сауль Альварес Golden Boy және DAZN-мен келісімшартын бұзды

Төрт салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы Сауль «Канело» Альварес (53-1-2,36КО) Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясы және DAZN стриминг компаниясымен жасаған келісімшартын бұзды, деп хабарлайды boxingscene.com сайты.

Альварестің бапкері Эдди Рейносо әлеуметтік желіде спортшының бұдан кейін «Еркін агент» (free agent) екенін хабарлады. Сондай-ақ, Golden Boy Promotions басшысы Оскар де ла Хойя да Канелоға сәттілік тілейтінін жеткізді.

Айта кетейік, Сауль Альварес осыдан екі ай бұрын Golden Boy және DAZN компаниясын сотқа беріп, уәде еткен үлкен жекпе-жектерді ұйымдастырмады деп шағымданған еді. 

Спортшы соңғы айқасын 2019 жылдың қараша айында Сергей Ковалевке қарсы өткізіп, нокаутпен жеңіске жеткен болатын.

Мексикалық боксшы жартылай ауыр салмақта WBO белбеуін жеңіп алғаннан кейін спорт мансабында төртінші салмақты бағындырып, Мексика тарихындағы ұлы боксшылар қатарына кірді.