10 жел, 2020 сағат 10:14

Сауда министрі азық-түлікті қымбаттатпау жолдарын айтты

ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов азық-түлік пен тауар бағасының қымбаттамауы үшін қолға алынуы тиіс шаралар туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Коронавирус пандемиясының келесі толқыны мен жаңа жыл қарсаңындағы дәстүрлі бағаның өсу қауіпін ескере отырып, бағаны тежеу бойынша мынадай шаралар қабылдау ұсынылады. Біріншіден, әкімдіктер тұрақтандыру қорларындағы азық-түлік көлемі мен түрлерін қайта қарап, «айналым схемасы» бойынша қаржыландыруды кеңейту керек. Екіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін Азық-түлік корпорациясы базасындағы бидай резервтерін қадағалауы қажет», - деді Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында. 

Үшіншіден, министр әкімдіктерге шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағасын белгілеуді ұсынды. Сондай-ақ, бағалардың негізсіз өсуін бақылап, шекті бағаның сақталуын қамтамасыз ету қажет.