11 қар, 2021 сағат 20:23

Сарыбидай

Күні кеше Үйсінтаудың етегі құлақтан кіріп, бойды алар әуезді әнмен тербелді. Қарадала төсінде өнердің тойы өтті. Небәрі 29 жасында жасындай жарқ етіп сөнген сәуле Сәдіғожаның рухы жаңғырды, әні әуеледі. Халықтың сүйікті әніне айналған «Сарыбидай» жаңа қырынан танылды. Жай ғана лиризмге толы ән емес, тарихи, тағдырлы ән екенін көпшілік таныды. Бір ғасырға жуық уақыт бұрынғы қазақтың тағдыр талайы, содыр саясаттың соқпағын көрген халқымыздың мұң-зары мен арманы көз алдымыздан өтті. Әнмен бірге көңіліміз көкке ұшты, өткен заманның зарымен бірге ішімізге запыран толды, әділетсіздікке қарап ашындық, сезімнің пәктігіне бас ұрдық. Міне, осының бәрін бір ғана «Сарыбидай» драмасы арқылы сезіне білдік.

Әлқисса, осыдан екі жыл бұрын Кетпен ауылында Сәдіғожа Мошанұлының 100 жылдық мерейтойын республика деңгейінде атап өткен болатынбыз. Алыс-жақыннан ақ тілеулі ағайын бас қосып, дүбірлі той өткердік. Сол тойдан соң Кетпен ауылында күрделі жөндеуден өтетеін мәдениет үйіне Сәдіғожа Мошанұлының есімін беру мәселесі де көтерілген. Араға екі жыл салып, аталмыш ауылдағы мәдениет үйіне Сәдіғожа бабамыздың есімі  берілді деген сүйінші хабар жетті. Сүйінші хабармен қатар жерлесіміз, ақын, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Беделхан ағамыздың «Сарыбидай» драмасы жазылғанын, сол драманың алғашқы премьерасы Сәдіғожа Мошанұлы атындағы мәдениет үйінде қойылатын болды деген ақжолтай жаңалық та жылт етті. Өткен жылы ауданымызда актер әрі режиссер Асқар Наймантаев ағамыздың көзсіз ерлігімен «Қарадала халық театры» ашылған. Міне, сол театр «Сарыбидай» драмасын көрерменге ұсынады дегенді естігеннен бастап тағатымыз таусыла күттік. Ақыры сол өнер мерекесінің көрермені болу бақыты бұйырды.

Ең әуелі Сәдіғожа Мошанұлы атындағы мәдениет үйінің ашылу салтанаты өтті. Берісі аудан орталығы, арысы Алматыдан келген қонақтар мен  өнерді биік көрген ағайынның қарасы көп болды бұл күні. Аудан әкімі салтанатты шараның шымылдығын ашты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы рухымызды асқақтатар талай дүниенің бағдары болғандығын айтқан аудан басшысы Аспантаудың баурайын өзінің әнімен елітіп, қазақ даласын Сарыбидай әнімен елең еткізіп, бала күнінен-ақ әнші-өлеңшілігі дүйім жұртты тәнті еткен Сәдіғожа Мошанұлы атамыздың осы өлкеде дүниеге келіп, отызға жетпей өмірден озғанын, бірақ таланты тас жарған дарынның атағы өшпей, бүгінгі ұрпаққа аманат болып жеткенін атап өтті. 7 әнінің өзі 70 әннің жүгін көтерердей туынды екендігін мақтан етті. «Әуезді әнін сүйген халық Сәдіғожа Мошанұлының атын әспеттеп, бүгінде туған жері Кетпен ауылдық мәдениет үйіне атамыздың есімін бергелі отырмыз. Осындай ұлы күннің құрметіне дәл осы мәдениет үйінде Бақыт Беделхан бауырымыздың «Сарыбидай» поэтикалық сазды драмасының  премьерасы қойылмақ. Өмірдің өзін, Сәдіғожа атамыздың аз ғана ғұмырын боямасыз бейнелеген қойылым өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленеді деген сеніміміз мол. Рөлдерді сомдаған «Қарадала» театры әртістерінің  шеберлігі автор мен режиссер ойын анық жеткізіп, сіздерді Сәдіғожаның ән әлеміне сапар шектіреді деген ойдамыз. Ендеше Сәдіғожа Мошанұлы атындағы мәдениет үйінің ашылуына, «Сарыбидай» драмасының алғашқы премьерасына қош келдіңіздер!» - деп құтты қонақтарды төрге оздырып, мәдениет үйінің лентасы қиылды.

Мұнан соң «Сарыбидай» қойылды. Бұл жай ғана қойылым емес. Өшкенді жаңғыртқан, өлгенді тірілткен қойылым болды. Шынымен де автор мен режиссердың қалауын тауып, көрерменге боямасыз қалыпта жеткізе білген «Қарадала халық театры» әртістеріне де таңдай қақтық. Сахнада Сәдіғожа мен Бекзаданың пәк махаббаты мен сол замандағы қатыгездік бір-біріне қайшы келіп, шығарманы шиеленістіре түскен. Ұлтым деген ұландардың халық жауы болып тар қабасқа жабылып, жазықсыз атылып, ұрпағы сол үшін қудаланған қатал тағдыр да сахнада сомдалды. Осындай қиындық қара халықтың басын ала қашуына себеп болғанын тағы бір рет санаға түйдік. «Шоқпар тисе, сорлыға тиеді» дейді қазақ. Жастайынан әкеден жетім қалған Сәдіғожа небәрі 29 жасында сүзектен қаза болады. Ғашығы Бекзаданың көз жасы, Зербала ананың зарлы үні тұла бойыңды шымырлатып, көзіңе еріксіз жас үйіреді.

Рухани азық болған қойылымнан соң сахна төріне ел ағалары шығып, ізгі лебіздері мен ақжарма тілектерін ақтарды. Филология ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Құныпия Алпысбаев, ауданның, облыстың құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының кеңесшісі, ақын, аудармашы  Ержан Алаштуған, «Ынтымақ» корпорациясының президенті, меценат Тоқтар Сыдықов, жерлесіміз, актер Сафуан Шаймерденов, ақын Мақсат Ережеп, «Ұлағатты ұрпақ» қорының басшысы, драматург Жәнібек Әлікен, «Есік» музей-қорығы директорының орынбасары Досым Зікірия, продюсер Сержан Молдасанұлы, жазушы, журналист Қанат Әбілқайыр, өнер академиясы колледжінің ұстазы Бағашар Сайлыбаев, әнші, актер Әсет Есжан сынды азаматтар да осы тойдың қадірлі қонағы болды.

Әуелгі сөзді алған профессор Құныпия Алпысбаев ағамыз құтқа толы Қарадала топырағынан қанат қаққан таланттардың көптігін, солардың бірі де бірегейі болған Сәдіғожаның әні бұл күні ерекше бір қырынан танылғанын айтса, Ызғарбек Бектұрсынов ағамыз: «Мәдениет бір елдің, бір ұлттың  экономикалық өрлеуінің, әлеуметтік дамуының бейнесін көрсетеді. Бүгінгі дүние ел  тәуелсіздігіне қалай жеткендігіміздің көрінісі. Драмада бір ғасыр бұрынғы қазақтың басынан өткен жағдайы, сол кездегі біздің халіміз анық бейнеленген.  Соны біз, біздің ұрпағымыз ұмытпауы керек. Қолдан жарата алмайтын, тағдыр жарататын өнерге ие болып жүрген талант иелерінің, жастарымыздың барын мақтан тұтамыз. Ұланды ел ұранды болады дейді. Біздің тіліміздің де, діліміздің де дамуына үлес қосатын ұландарымыз аман болсын», - дей келе «Қарадала халық театрын» Еуропаға әйгілеген Асқар Наймантаевқа, осындай рухани туындыны дүниеге әкелген Бақыт Беделханға алғысын айтып, батасын берді.

Ұлағатты ұстаз Мамытхан Құдайбергенов те тот баспайтын алтындарымыздың көп болуын тілесе, «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов театрдың ашылуына мұрындық болған азаматтарға алғыс айтып, осы істің ыстығы мен суығына күйіп жүрген Асқар Наймантаевтың иығына шапан жапты. «Сарыбидай» деген тағдырлы әннің тарихын таныта білген Бақыт Беделханның драмасының сиясы кеппей тыңдарманы болғанын, ал бүгін көзбен көріп, көңілі тояттап отырғанын бақытқа балаған Ержан Алаштуған да Қарадала жұртшылығына ізгі лебізін арнады. Көрші Райымбек ауданынан арнайы келген «Хантәңірі халық театрының» өнерпаздары да сый-сияпаттарын тарту етті. «Бастаған істі тастап кете алмайтын жайымыз бар, жұрт базар ашса, мен театр ашудан рекорд жасадым» деп әзілмен әңгіме өрбіткен Асқар Наймантаев ағамыз да аудан басшылығы мен өнерсүйер қауымға алғыстан басқа айтарының жоқтығын жеткізді.

Бұл күнгі жиын да өзгеше өтті осылай. Жүрегіңді жылытар жыр мен құлақ құрышыңды қандырар әннің кеші болды. Осылайша «Сарыбидаймен» Қарадала бесіктегі баладай тербетілді. Осы уақытқа дейін архивтерде шаң басып, жадыдан өше бастаған Сәдіғожа бабамыздың ән рухы Қарадаланың аспанында қалықтады. Лайым осындай рухты дүниелеріміз көп болғай!

Анар Дүйсенбайқызы