Түркістан облысында су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданына сарыағаштықтар да алғашқылардың бірі болып көмек жіберді.
Олар көршілес аудан тұрғындарына жалпы құны 1 млн 735 мың теңгенің гуманитарлық көмегін жөнелтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Гуманитарлық көмек ішінде азық-түлік, ет, су, күріш, ұн, картоп, пияз, май, қанттан бөлек, көрпе-төсек, гигиеналық заттар, балаларға қажетті кеңсе тауарлары да бар. Аталған заттар Сарыағаш ауданына бекітіліп берілген 5 мектепте орналасқан 700-ге жуық тұрғындарға күнделікті таратылып берілуде.
Аудан әкімі Мұхит Отрашиев бастаған топ бірінші күннен бастап-ақ адамдар эвакуацияланған жерлерге келіп, 5 мектепті өз қамқорлығына алған болатын. Бүгінде аталған орындарда Сарыағаш ауданы әкімдігінің 30-дан астам мемлекеттік қызметкері күндіз-түні тынбай халыққа қалтқысыз еңбек етуде.
«Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайды ести салысымызбен алғашқылардың бірі ретінде көмек беруді жөн көрдік. Әсіресе үйлерін су шайған азаматтарды қамқорлығымызға алуды ойладық. Бұл игі бастамамызды сарыағаштық жомарт азаматтар да бірден қолдай кетті. Ең бастысы - адам шығыны жоқ. Жан аман болса, басқасының бәрі орнына келері сөзсіз. Сондықтан Мырзашөл халқына сабырлық пен ауызбірлік тілеймін!»,-дейді Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев.
Сарыағаштықтардың қамқорлығы мен қайырымды істеріне мақтааралдықтар да ризашылықтарын білдіруде. Қиын-қыстау кезеңде көмек қолын созған азаматтарға алғыстарын жеткізді.