05 қар, 2020 сағат 14:36

Сарапшы: Коронавирусқа тест 30-40% жағдайда жалған нәтиже көрсетуі мүмкін

Анализдің дұрыс алынбауы салдарынан коронавируқа тест 30-40% жағдайда дұрыс нәтиже көрсетпеуі мүмкін. Бұл туралы Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас пульмонологі, Сеченовский университетінің пульмонология кафедрасының меңгерушісі Сергей Авдеев мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

Сондай-ақ, оның айтуынша, инфекцияға шалдыққан 95% адамның инкубациялық кезеңі 2 күннен 6 күнге созылады. 

«Біз тест-жүйесіне еш күмән келтірмейміз. Тек тәжірибемізде тестілеудің жалған нәтиже көрсететін жағдайлары болуы мүмкін. Қаншалықты жиі: шамамен 30-40% жағдайда. Мәселе тестілеудің сапасында емес, анализді дұрыс алмауда болып тұр. Анализ сапасыз алынса, жалған нәтиже көрсетуі мүмкін», - деді Авдеев РФ Денсаулық сақтау министрлігінің алдыңғы қатарлы сарапшылары қатысқан COVID-19-ға қатысты жиында. 

Сарапшы адамнан материалды алу уақыты да маңызды екенін атап өтті. Себебі аурудың алғашқы кезеңінде ПТР-тестінің оң нәтиже көрсетуі жиірек кездеседі. Сонымен қатар, Авдеев талдауды қайта тапсыру туралы шешімді дәрігер қабылдауы керек деп түсіндірді.