29 қыр, 2021 сағат 15:48

Сарапшы Қазақстанда ластанған қалаларды атады


Елордада ауа сапасына арналған конференцияда Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрағасы Лаура Маликова ластанған қалалар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазгидромет» тұрғын үйлер орналасқан жерлерде ауаның сапасына мониторинг жүргізеді. Осы мониторинг нәтижесі бойынша бізде түрлі ластаушы заттарға қатысты рұқсат етілген концентрацияның шекті деңгейінен асып түскен қалалардың тізімі анықталды. Мысалы, Қазақстанның орталық, шығыс, солтүстік бөліктерінде көбіне қалқымалы заттар, яғни көмір жағудан бөлінетін PM 2,5, PM10 кездеседі», - деді Л. Маликова «Орталық Азиядағы ауа сапасына мониторинг» атты конференция барысындағы баспасөз мәслихатында. 

Осы орайда ол елордада, Алматыда көмірден газ жағуға көшу жұмыстары жүріп жатқанын еске салды. 

«Ал Ақтөбе, Атырау қалаларында күкіртсутек және ұшпа органикалық қоспалар бойынша рұқсат етілген концентрацияның шекті деңгейінен асып түсу жағдайлары байқалып отыр. Бұл ретте Атырау мұнай өңдеу зауыты да ауа сапасына ықпал етеді. Балқаш қаласында да ластаушы заттардың шекті деңгейден асуы тіркеліп жатады» - деді қауымдастық төрайымы. 

Оның айтуынша, Шымкент қаласы да ластанған қалалардың қатарында. Бұл қалада ескі автокөліктердің үлесі жоғары болып тұр. Өскеменде де ластану жағынан мәселе бар. Осы шаһарда ірі өндірістік кәсіпорындар өзінің әсерін тиігізіп жатыр. 

«Елордадағы ауа сапасына тоқталсақ, қалада жеке сектордың үлесі зор. Олар көбіне көмір жағады. Соңғы жылдары біртіндеп газға қосу жұмыстары жүріп жатыр, алайда үйлердің біразы көмір жағады», - деді ол.