09 жел, 2019 сағат 09:16

Самоада қызылшадан көз жұмғандар саны артып келеді

Самоада қызылша эпидемиясынан қаза болғандар саны 70 адамға жетті, деп хабарлайды RNZ.co.nz сайты.

Агенттіктің мәліметі бойынша, соңғы 24 сағатта індеттен 2 адам қайтыс болған. Көз жұмған 70 адамның 61-і төрт жасқа дейінгі балалар.

Жексенбі күні аралдық мемлекеттің үкіметі Самоа тұрғындарының 90% екпе алғандығын мәлімдеді. Үкіметтің мәлімдемесіне қарамастан, соңғы тәулікте қызылшаны жұқтырудың 112 оқиғасы тіркелді. Осылайша, қазан айынан бастап қызылшамен ауырғандар саны 4700-ге жетті.

159 адам ауруханаларда жатыр, олардың 16-сы ауыр хәлдегі балалар.

Агенттіктің ақпаратына сәйкес, мемлекет басшылығы қатерлі эпидемиямен қалай да күресу үшін бейсенбі және жұма күндері елден шығуға және кіруге тыйым салды. Екі күн ішінде медицина қызметкерлері үйлерге барып екпе жасады. Қызылшаға қарсы вакциналарды Австралия, Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, Франция және тағы да басқа елдер ұсынған.

Айта кетейік, екпе ағзаға енгеннен кейін қызылшаға қарсы иммунитет екі аптадан соң ғана қалыптасады.