«Ақтөбе» ФК сенімгерлік басқаруға берілді. Футбол клубының ендігі қожайыны - Самат Смақов, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі «Ақтөбе» футбол клубын сенімгерлік басқаруға беруге қатысты ақпарат таратты. Алдағы 7 жылда Самат Смақов клубқа иелік етіп, оның дамуына үлес қосады.
«ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1141 қаулысына сәйкес, 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары бекітілді. Ақтөбе облысы бойынша жекешелендіру нысандарының тізіміне тоғыз коммуналдық-жекеменшік нысаны кірді. Оның ішінде «Ақтөбе» футбол клубы да бар. «Ақтөбе» футбол клубының электронды саудасы үш рет өткізілді. 2018 жылы 20 қарашада өткен сауда-саттықтың нәтижесі бойынша Смақов Самат Кабирұлы жеңімпаз атанды. Ол үшінші сауда-саттықтың жалғыз қатысушысы болды», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Клуб 108 миллион теңгеге сенімгерлік басқаруға берілді. Бастапқы құны 100 миллион теңге болатын. Келісім бойынша Премьер-Лиганың клубтарына қойылатын регламенттерге сәйкес, клубтың барлық қажетті жарыстар мен сайыстарға қатысуын қамтамасыз ету (ҚР Чемпионаты, ҚР Кубогының ойындары, Премьер-Лига клубтары қосалқы құрамдарының турнирі, ПФЛ Кубогы, Премьер-Лига клубтарының жасөспірімдер мен жастар командалары, бірінші Лига және мини футбол командасы арасындағы ҚР біріншілігі), сонымен қатар, УЕФА сайыстарына қатысу туралы құқығын алған жағдайда жарысқа бару міндеттеледі.
Жаңа басшылыққа қазіргі кадрдың 75 пайызын сақтап, ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Кредиторлық берешектерді өтеу, кредиторлық және дебиторлық берешектің негізсіз қалыптасуына жол бермеу, нысанды кредиторлық және дебиторлық берешектерімен қабылдау, балалар, оның ішінде Ақтөбе облысының аудандарында балалар футболын дамыту талабы қойылды.