Петропавлда өткен салтанатты жиында белгілі актриса, Канн кинофстивалінің лауреаты Самал Еслямова Абайдың әнін орындады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов салтанатты жиында солтүстікқазақстандықтарға орден, медаль және құрмет грамоталарын табыстады.
Тәуелсіздік күніне орай өткен жиынға Самал Еслямова да қатысып, жерлестерінің жылы лебізін естіді. Жуырда Астанада президент Нұрсұлтан Назарбаев кино актрисаға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын берген еді.
"Облыс әкімі Құмар Ақсақалов атақты жерлесін маңызды наградасымен құттықтап, гүл сыйлады", — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Салтанатты жиын соңы әдемі мерекелік концертке ұласты. Оған Солтүстік Қазақстанның шығармашылық ұжымдары мен қазақстандық жұлдыздар қатысты.
Самал Еслямова да концертте жаңа қырынан танылды. Ол Мұқанов атындағы қазақ театрының актерлері мен спортшы Маргарита Мұқашевамен бірге ұлы Абайдың "Желсіз түнде жарық ай" әнін орындап, жерлестеріне тосын сый жасады.