11 нау, 2026 сағат 11:18

2025 жылы Түркістан облысына 1,7 триллион теңге инвестиция тартылды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровті қабылдады, деп хабарлайды Ult.kz.

Кездесу барысында Президентке Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы баяндалды. Әкімнің айтуынша, өңірдің экономикалық өсімі 113,9 пайызды құраған. Сондай-ақ мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері 1 триллион теңгеге артқан.

Нұралхан Көшеровтің мәліметінше, 2025 жылы аймаққа 1,7 триллион теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде 1,4 триллион теңгесі – жеке инвестициялар. Ал тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1,4 миллиард долларға жеткен.

Былтыр жалпы құны 340 миллиард теңге болатын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Қазіргі уақытта облыста 21 индустриалдық аймақ жұмыс істейді. Сонымен қатар Turan арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 315 миллиард теңге болатын 26 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Ауыл шаруашылығы саласында мақта-тоқыма, жүгері және ет өндірісі кластерлері дамып келеді. Бұл жобалар толық іске асқанда 2027 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі қосымша 479,5 миллиард теңгеге артады деп жоспарланып отыр.

Әкімнің айтуынша, соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге қысқарған. Сонымен қатар 148 мың адам жұмыспен қамтылып, өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құраған.

Кездесу барысында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет нысандарын салу, жол инфрақұрылымын дамыту, газдандыру және елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да талқыланды.

Президент инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы мен өндірісті дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.