Фото: қалалық балалар клиникалық ауруханасының баспасөз қызметі
Шымкентте дәрігерлер баланың ішегінен магнит пен бірнеше металл затты алып шықты, деп хабарлайды Ult.kz OTYRAR-ға сілтеме жасап.
Қатты іш ауруына шағымданған бала жедел жәрдем қызметі арқылы қалалық балалар клиникалық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілген. Анасының айтуынша, баланың жағдайы уақыт өткен сайын нашарлап, ауырсыну басылмаған.
«Уақыт өте жағдайы жақсармады. Ішінің ауырғаны басылмаған соң, жедел жәрдем шақырып, баланы ауруханаға жеткіздік», – дейді ол.
Қабылдау бөлімінде кезекші хирургтер баланы тексеріп, іш қуысына рентгенография жасаған. Тексеру барысында дәрігерлер баланың ішегінен бөгде заттарды анықтаған.
«Зерттеу нәтижесінде ішекте магнит, бұранда және алты қырлы гайка бар екені белгілі болды», – деді мамандар.
Осыдан кейін бала шұғыл түрде балалар хирургиясы бөліміне жатқызылып, операция жасалды. Дәрігерлер бөгде заттарды алып шыққан. Қазір баланың жағдайы қанағаттанарлық, ол дәрігерлердің бақылауында қажетті ем қабылдап жатыр.
