«Сәлем, Елорда!» І республикалық өнер фестивалі өз мәресіне жетті. Өнер фестивалінің жетістіктері «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында өткен дөңгелек үстел барысында қорытындыланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Дөңгелек үстел отырысына еліміздің әр өңіріне қарасты 17 филармонияның басшылары қатысты. Шара барысында фестиваль нәтижесімен бірге өнер саласындағы өзекті мәселелер де талқыланады.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер департаментінің директоры Күміс Сейітова бірлесіп өткізілген мәдени іс-шараларға көз жүгіртіп, алдағы жоспарларды нақтылауда мұндай жүздесулердің маңызы зор екендігін айтты.
Сонымен қатар ол «ҚР Мәдениет туралы» заңына енген өзгерістер мен толықтыруларға, ел өңірлеріндегі мәдениет пен өнер саласының дамуына тоқталды.
Ал «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы «Республикалық концерттік-гастрольдік қызмет орталығының» жұмысын жоғары бағалады.
«Онлайн жиналыстар барысында Концерттік-гастрольдік орталық сіздер көтерген өзекті мәселелердің шешімін тауып, нәтижелі жұмыс істеді деп ойлаймын. Алдағы уақытта да өңірлік филармониялар мен шығармашылық ұжымдарды қолдайтын боламыз. Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Сәлем, Елорда!» І республикалық өнер фестивалі мәдениет саласындағы елеулі іс-шараның біріне айналды. Менің ойымша, өңірлердегі озық орындаушылар мен үздік шығармашылық ұжымдарды қалың бұқараға таныту үшін осындай маңызды жобалардың қатарын арттыра беруіміз қажет»,- деді Жеңіс Сейдуллаұлы.
Іс-шара барысында «Қазақконцерт» ұйымы өз тәжірибесін бөлісіп, «Қазақстан» орталық концерт залы бойынша экскурсия жүргізілді. Сондай-ақ ұйымдастырушылар тарапынан өңірлік филармонияларға естелік сыйлық табысталды.
Бұдан бөлек, «Қазақстан» орталық концерт залында «Сәлем, елорда!» І республикалық өнер фестивалі гала-концертінің телевизиялық түсірілімі өтті.
Фестивальдің гала-концертінде өңірлік өнер ұйымдарының үздік концерттік номерлері топтастырылады.
Көрермен бұл концертті Тәуелсіздік мерекесіне орай 17 желтоқсанда «Хабар» телеарнасынан көре алады.
Еске салсақ, аталған өнер фестивалі 2020 жылдың 20 қарашасында салтанатты түрде бастау алған болатын. Іс-шараға республика өңірлеріндегі барлық мемлекеттік концерттік ұйымдар қатысуда.
Фестивальдің мақсаты – өңірлердің мәдени жетістіктері мен өнерін кеңінен насихаттап, талантты орындаушыларды қолдау.