14 сәу, 2020 сағат 20:47

Сағынтаев бас дәрігерлерімен COVID-19 қарсы күрес мәселелерін талқылады

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев 70-тен астам медициналық ұйымдардың бас дәрігерлерімен коронавирус індетіне қарсы жүйелі санитарлық-эпидемиологиялық жұмысты құру жөнінде онлайн жиын өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Барлық күш коронавирустық инфекциямен күреске жұмылдырылған. Бірінші басымдық – халықты қорғау. Ол үшін қаладағы барлық сала тартылды. Ең алдымен біздің дәрігерлер, емханалар мен ұйымдар тарапынан қажетті талаптар орындалып жатыр. Басты мәселе – бүкіл қала бойынша коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу», - деді Бақытжан Сағынтаев. 

Сонымен қатар, ол бас дәрігерлерді ашық диалогқа шақырып, өзекті мәселелерді талқылауды және оларды жедел шешу үшін қажетті шараларды бірлесіп атқару керектігін айтты. 

Онлайн жиын барысында жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, инфекциялық стационарларда дәрігерлердің және барлық санаттағы медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін қажетті санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау, медициналық қызметкерлерге үстемеақы төлеу, тұрғын үй жағдайлары және науқастармен жұмыс істейтін барлық медициналық қызметкерлерді тамақтандыру, сонымен қатар тұрғындардың COVID-19 тестіне тапсыру мәселелері қарастырылды. 

Атқарылған жұмыстар жайлы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Т.Әбілдаев және Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы А.Молдағасымова баяндады. Өз кезегінде медициналық қоғамдастық өкілдерінің атынан №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Э. Қалиев сөз сөйледі. 

Бүгінгі таңда Алматы қаласында 21 370 адам COVID-19-ға тексеруден өтті. Зертханалық түрде расталған коронавирустық инфекция жұқтырған 350 жағдай тіркелді. Жұқпалы ауруханаларда 299 науқас ем алып жатса, провизорлық орталықтарда 256 адам, карантиндік оқшаулауда — 366, үй карантинінде — 7097 адам бар. Медициналық ұйымдар барлық жеке қорғаныс құралдарымен, оның ішінде 4500-ден астам бірнеше рет пайдалануға жарамды қорғаныс медициналық костюмдерімен қамтамасыз етілген. 

ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша, Алматы қаласында коронавируспен күреске жұмылдырылған денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің үстемеақысының 99% төленді. Қалған екі карантиндік ұйым мамандарының үстемеақысын төлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

Төтенше жағдай кезінде медицина қызметкерлері өздерінің талап-тілектеріне сәйкес қонақүйлерге, хостелдер мен жатақханаларға, сондай-ақ туысқандарының үйлеріне орналастырылды. Сонымен қатар қонақүйлерде тұруға ниет білдірушілер үшін де қосымша жатын орындар бар. Бұл ретте тұру және тамақтануға арналған шығындар жергілікті бюджет қаражаты есебінен жабылатын болады. 

Бұдан өзге жиын барысында төтенше жағдайдың 1 мамырға дейін ұзартылғаны және 20 сәуірден бастап өнеркәсіп және құрылыс кәсіпорындары, қызмет көрсету саласының белгілі бір секторларының жұмысын іске қосуды ескере отырып, коронавирустық инфекцияны таратпау бойынша санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың одан әрі сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды. 

Сондай-ақ жаңа модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының жұмысын жолға қою мәселесі сөз болды. Яғни, ауруханаға медициналық қызметкерлерді тарту және оның техникалық құралдармен жабдықталуына ерекше көңіл бөлу. 

Мегаполис әкімі кездесуді қорытындылай келе, COVID-19 індетімен күрес жолында жүрген барлық мамандарға тәртіп пен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтау керектігін атап өтті. 

«Бауыржан Момышұлының сөзі бар «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды». Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, жұмыла жұмыс істеу қажет. Әсіресе, дәл бүгінгідей сын шақта әрбір жұмыс орнында қатаң тәртіп керек», - деді Бақытжан Сағынтаев. 

Сондай-ақ, ол әкімдік, құқық қорғау қызметі, әскери қызметшілер де қаланың эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жан-жақты қолдау көрсететінін тілге тиек етті.