10 мау, 2020 сағат 12:41

Сағынтаев: Алматыны дамыту үшін сауданы көлеңке нарықтан шығару керек

Бақытжан Сағынтаев қала бюджетінің 40%-ға жуығы сауда есебінен қалыптасатынын және мегаполистің қарқынды дамуы үшін экономиканың осы секторын көлеңкеден шығару қажет екенін айтты, хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ол үшін не істеу керек? Супермаркет, онлайн сауда мен үйдің қасындағы дүкендерге қолайлы жағдай жасап, қолдау көрсетілуі тиіс», - деп жазды қала әкімі Instagram-дағы парақшасында.

Сағынтаев жергілікті франчайзингті тарта отырып, «үйдің қасындағы дүкен» секілді типтік жобалардың іске асуына қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті. Мысалы үлгі ретінде әлемдік 7-Eleven моделі бойынша құрылған Froot желісін айтуға болады.

«Айта кетерлігі, жаңа үлгідегі Froot дүкендер желісіндегі азық-түліктердің бағасы үйдің қасындағы басқа дүкендерден 10-15%-ға төмен. Мұнда барлық іс-қимылды, тауар ассортиментінен бастап оның санына дейінгі үрдістерді, касса мен бухгалтерияны зияткерлік жүйе басқарады. Мұндай дүкендердің жұмысы барынша ашық әрі бюджетке салық пен түрлі төлемдер уақытылы түседі, қызметкерлер ай сайын тұрақты жалақы алады», - деп атап өтті ол.