Садыр Жапаров президент сайлауына қатысу үшін 14 қарашаға дейін Қырғызстан президентінің міндетін атқарушы өкілеттігін тоқтатады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" КАБАР агенттігіне сілтеме жасап.
«Мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауына қатысу үшін президент міндетін атқарушы өкілеттілігімді 14 қарашаға дейін тоқтатамын», - деді Садыр Жапаров Region TV телеарнасына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, үміткерлерді тіркеу аяқталғанға дейін өз өкілеттігін тоқтатса, алдағы сайлауға қатысуға құқылы.
Еске сала кетсек, Қырғызстанда 2021 жылдың 10 қаңтарында мерзімінен бұрын президенттік сайлау өтеді.
4 қарашадағы мәлімет бойынша, Орталық сайлау комиссиясына президенттікке үміткерлерден 7 өтініш келіп түсті. Олар: Адахан Мадумаров, Арстанбек Абдылдаев, Кубан Чороев, Назарбек Нышанов, Бектур Асанов, Бакыт Бакетаев және Канатбек Исаев.