«Eye of the Tiger Management» промоутерлік компаниясы қазақстандық кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедовтің (10-0, 9КО) келесі жекпе-жегі қашан өтетінін жариялады, – деп хабарланды «Қазақстан кәсіпқой боксы» парақшасында.
Белгілі болғанындай, ол Канаданың Монреаль қаласында аргентиналық Хосе Антонио Вильялобоспен (12-5-2, 7КО) кездеседі. Қос құрлықтың боксшылары Давид Лемье (40-4, 34КО) мен Макс Бурсак (35-5-2, 16КО) айқасының андеркартында өзара мықтыны анықтамақ.
«Садриддин Ахмедов өзінің жеңіс сериясын жалғастыруды көздесе, Хосе Антонио Вильялоблос оған тұңғыш рет жеңіліс дәмін татыруға тырысады. Ахмедов – туа біткен дарын иесі, техникалық әбжілдігімен, күш-қуатымен танылған ерекше боксшылардың бірі. Бұл айқаста «Q сарбазы» мен аргентиналық «Цунамидің» текетіресін көресіздер» делінген «Eye of the Tiger Management» компаниясының хабарламасында.
Еске сала кетсек, Садриддин Ахмедов кәсіпқой бокстағы оныншы жекпе-жегін қаза айының соңында өткізіп, 31 жастағы мексикалық Джонни Наварретені (33-15-2, 15КО) техникалық нокаутпен жеңген болатын.