09 ақп, 2026 сағат 11:42

Сабуров Ресейдегі шығармашылық жолы туралы айтып, тыйымға қатысты пікір білдірді

Фото: ашық дереккөз

Стендап-комик Нұрлан Сабуров 50 жыл Ресейге кіруге тыйымға қатысты алғаш рет пікір білдірді. Ол бұл туралы Instagram желісі парақшасындағы стористерінде жазды, деп хабарлайды Ult.kz.

Сабуров бұл іспен қазір заңгерлер айналысып жатқанын жеткізді.

«Бұл мәселемен заңгерлер өз деңгейінде құзырлы органдармен айналысып жатыр. Уақыт бәрін өз орнына қояды», – деп жазды ол.


Осыдан кейін әзілкеш оған үлкен аудитория берген Ресей Федерациясына алғыс білдірді.

«Менің стендап-комик ретіндегі жолым 15 жыл бұрын Екатеринбургте басталып, кейін Мәскеуде жалғасты. Осы жылдар ішінде Ресейдің көптеген қаласында болдым, кейбіріне бірнеше рет бардым. Барлық жерде мені жылы әрі достық пейілмен қарсы алды. Маған шығармашылық тұрғыда дамуға мүмкіндік берген, әртіс ретінде қалыптастырған елге алғысым шексіз. Ресейде де, оның сыртында да көпұлтты үлкен аудитория жинадым. Рақмет», – деп жазды Сабуров.


Сондай-ақ ол журналистерге, блогерлерге және бұқаралық ақпарат құралдарына отбасына қатысты жеке өмірге құрметпен қарауды өтінді.

Айта кетейік, бұған дейін Нұрлан Сабуровқа Ресей Федерациясына 50 жылға, яғни 2076 жылға дейін кіруге тыйым салынғаны хабарланды. РИА Новости мәліметінше, бұл шешім «ұлттық қауіпсіздік мүддесіне» байланысты қабылданған.

Ресейлік БАҚ дерегінше, әзілкеш Дубайдан Мәскеудің Внуково әуежайына ұшып келген сәтінде шекарадан өте алмай, елге кіруге тыйым салынғаны туралы ресми құжат алған. Тыйым салуға оның бұған дейінгі көші-қон талаптарын бұзуы мен қаржылық операцияларына қатысты күдіктер себеп болуы мүмкін екені айтылуда.
Қазіргі уақытта Сабуровтың Ресей аумағындағы мүлкінің тағдыры белгісіз.