21 шіл, 2021 сағат 10:58

Рухия «Славян базарында» креативті орындау нәтижесінде алға суырылып шықты – әншінің ұстазы


Беларус елінің Витебск қаласында өткен «Славян базары» конкурсының жеңімпазы Рухия Байдүкенді Нұр-Сұлтан әуежайынан ұстаздары мен жақындары күтіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Елена Воловикова жеңімпаз шәкіртін қарсы алу кезінде оның Беларус жерінде көрсеткен өнеріне баға берді. 

«Рухия бұл жолы ән орындау кезінде батыс техникасын қолданатын креативті музыкант, вокалист болуымен суырылып шықты. Оның көрсеткен өнері сан қырлы болды. Бұл – вокалистің қаншалықты кәсіби екенідігінің көрсеткіші. Ол әртүрлі әдістерді қолдана алады, жай ән айтып қана қоймай, өзгеріп отырады. Ал ондай деңгейдің ар жағында тынымсыз әрі түпсіз еңбек жатыр. Туа бітті талант сәттілікке 50% ғана сеп бола алады. Қалғаны – еңбектің арқасы. Яғни, күнделікті сабақ пен күнделікті жаттығулар жемісін беріп жатыр. Бұл жеңіске ол бір күнде жете салған жоқ. Бала күнінен бері осындай биікке өрмелеп, тырмысып жетті», - деді Елена Воловикова. 

Кәсіби маман енді Рухия Байдүкеноваға өз әлеуетін ашатын жақсы ән жазғызып, соған бейнеклип шығару керектігін айтады.

«Ол әр вокалистің қолынан келе бермейтін қиын әндерді айту арқылы жоғары деңгей көрсетті. Рухия бұл межені бағындырды. Күрделі әндерді мінсіз орындап қана қоймай, оларға жаңа әр берді. Яғни танымал әндерге өз жанынан мазмұн қосты. Оның орындау мәнерінде суретшінің қолтаңбасы бар. Ол шырқаған әндер мүлдем басқа бояулармен қанығып шыға келеді», - деді Воловикова.

Айта кетейік, 14 мемлекеттен келген қатысушы славян елінен шыққан композитордың туындысын славян тобына жататын тілдің бірінде оркестрдің сүйемелдеуімен орындады. Байқау нәтижесінде жерлесіміз Гран-при иегері атанып, «Алтын лира» мүсіншесімен бірге 20 мың АҚШ долларына ие болды.

Байқау жеңімпазы Рухия Байдүкенді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтады.

«Байқауға жалғыз өзім бардым. Алдымен Беларусь астанасы Минскіде президент оркестрімен дайындық өткіздік, сосын Витебскіге бардық. Байқау екі күнге созылды, жеңіске жететініме алғашында күмәндандым, себебі қарсыластарым мықты болды. Дегенмен барынша өзіме сенімділік таныттым», - дейді ол.