Бүгін түнде елорда әуежайында «Витебскідегі Славян базары» халықаралық байқауының жеңімпазы Рухия Байдүкенді жанкүйерлері күтіп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақ халқына алғысымды айтамын. Ең бастысы, халқыңның махаббатын сезіну, еліңнің сені мойындауы емес пе? Жеңісімді халқыммен бірге тойлағым келеді. Бала кезімнен бергі арманым еді бұл. Бүгін алға қойған мақсатыма жеттім», – деді Рухия Байдүкен елорда әуежайында..
Айта кетейік, 14 мемлекеттен келген қатысушы славян елінен шыққан композитордың туындысын славян тобына жататын тілдің бірінде оркестрдің сүйемелдеуімен орындады. Байқау нәтижесінде жерлесіміз Гран-при иегері атанып, «Алтын лира» мүсіншесімен бірге 20 мың АҚШ долларына ие болды.
Байқау жеңімпазы Рухия Байдүкенді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтады.
Одан бөлек, жас әншіні жеңісімен еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да құттықтады.
«Байқауға жалғыз өзім бардым. Алдымен Беларусь астанасы Минскіде президент оркестрімен дайындық өткіздік, сосын Витебскіге бардық. Байқау екі күнге созылды, жеңіске жететініме алғашында күмәндандым, себебі қарсыластарым мықты болды. Дегенмен барынша өзіме сенімділік таныттым», - дейді ол.