05 қаң, 2025 сағат 11:28

Роза Зергерлі Роза Рымбаеваға қатысты айтылған сынға жауап берді


скриншот

Әзербайжандық танымал әнші Роза Зергерлі Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваға қатысты айтылған сынға жауап берді, - деп хабарлайды Ult.kz.

Роза Зергерлі өз ойын Marat Oralgazin Youtube арнасында жарияланған "Қызық Премия-2024" шығарылымының пікірлер бөлімінде жазды:

"Қымбаттыларым, сүйіктілерім менің, ең бастысы - біздің тамырымыз бір. Роза ханым залда мыңдаған адам мені бақылап, тыңдап бірақ түсінбей отырғанын түсініп,  бізге көмектесті. Мен де сол тұста орысша сөйлеп, ол кісіге де, сіздерге деп жылы лебізімді білдіріп, қалжыңымды да айта алдым. Жаңа жыл құтты болсын! Мейірімді болайық! Сіздерді жақсы көремін", -деп жазды ол. 


Айта кетейік, "Қызық Премия-2024" шығарылымында танымал "Istedim" әнінің орындаушысы Роза Зергерлі өз есімін әкесі Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның құрметіне қойғанын айтқан. Толықтай қазақ тілінде өтетін бағдарламада Зергерлі өзінің ана тілінде, яғни әзербайжан тілінде сөйлеп тұрған. Сол кезде сахнаға Роза Рымбаева шығып, орыс тілінде сөз сөйлей бастаған еді. Орысша сөйлеген Роза Қуанышқызының сөзі жұртшылық арасында сынға ұшырап, ел оның тіпті қонақтың өзі өз ана тілінде сөйлеп тұрғанда Қазақстанның халық әртісі орыс тілінде сөйлегені дұрыс болмағанын айтты.

Ютуб көрермендердің бірі: -"Қазақтың Розасы шыққанда халықтың тік тұрып құрмет көрсетуі керемет болды! Әр нәрседе бір кемшілік болады ғой өзі. Осы атмосфераны Роза апамыздың орысша сөйлегені бұзды. Аңыз адам, аңыз адамның бір жасаған кемшілігіне көз жұма қараймыз амал жоқ!" -десе, тағы бір желі қолданушысы: -"Барлығы күшті болды. Тек Роза Рымбаева апамыз үшін қатты ұялдым. көрермендер қатты қошемет көрсетіп, орындарынан тұрып еді, ал Роза апамыз ана тілінде бір ауыз сөз айта алмай елді ұятқа қалдырды", -деді.