Ислам Каримов атындағы ғылыми-ағарту мемориалды кешені төрағасының орынбасары, академик Тұрсынәлі Қузиев Facebookпарақшасында Өзмемфилармониясы әйелдер ансамблінің майдандағы суретін жариялады. Суретте қазақтың біртуар әншісі, КСРО халық әртісі Роза Бағланова бірінші қатарда отыр.
2011-2013 жылдары Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі болған, бүгінгі күні ғылыми-ағарту кешені директорының орынбасары Тұрсынәлі Қузиевтің сөзіне қарағанда, суреттің артқы жағында «Солтүстік-Батыс фронт, Валдай-Торжок ауданы, 1942 қазан» деген жазу бар. Сондай-ақ, онда суреттегілердің есімдері жазылған.
«Өзмемфилармониясы әйелдер ансамблі алғы шепте әуе байланысы командирі, полковник Токарев Борис Кузьмич, әуе байланысы комиссары, Совет Одағының батыры Таряникпен бірге» деген жазу бүкіл мән-жайды ұғындырып тұрғандай.
«1-қатар, солдан оңға қарай:
-Роза Бағланова;
-Раима Хакимова;
-Муқаддас Изамова;
-Хадиша Хакімова;
Ғани Ағзамов.
2-қатар:
-Габриэльян Сурен Никитович;
-Қиммат Борухова;
-Разия Каримова;
-Токарев Борис Кузьмич;
-Римма Ерматова;
-Таряник;
-Исахар Акилов;
-Мурабий Қасымов.
3-қатар;
-Кино-оператор Фролов;
-Рукия Аюшева;
-Фахриддин Садықов;
-Гауһар Рахымова.
-2 ұшқыш;
-Хабиб Рахманов;
-Бабараим Мырзаев;
-Миновар Сафиевич Бурнаш;
-солдат;
-Барат Байматов.
Суреттегі Григорий Аверьянович Таряник (1913-1979) гвардия полковнигі, Солтүстік-Батыс фронттың 260-жақыннан бомбалаушы әуе полкі комиссары, 4-гвардиялық бомбалаушы авиациялық Борисов дивизиясын басқарған», деп жазады Тұрсынәлі Қузиев.
Роза Бағланова (1922-2011) – соғыстан соң Өзбекстаннан елге оралған. Қазақстанның (1955) және бұрынғы КСРО халық әртісі (1967), Халық қаһарманы (1996). Туысқан халық өкілі жариялаған бұл сурет Роза Бағланова өмірін зерттеушілер үшін құнды жәдігер болмақ.