Төтенше жағдайлар министрлігінде «Құс тұмауының таралу жағдайы туралы» күн тәртібімен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі Ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысы өткізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың басшылығымен және министр Юрий Ильиннің төрағалығымен өткен бейнеселекторлық режимдегі отырысқа мемлекеттік органдардың басшылары, облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары, төтенше жағдайлар департаменттерінің бастықтары қатысты.
Жетекшілік ететін бағыттар бойынша жұмыс туралы Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау министрліктері басшыларының орынбасарлары сөз сөйлеп, халық арасында құс тұмауын таратпау жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.Сондай-ақ бірқатар облыс әкімдерінің орынбасарларының баяндамасы тыңдалды.
АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің деректері бойынша 9-29 қыркүйек аралығында 9 облыстың 47 ауданының және республикалық маңызы бар 1 қаланың (Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, СҚО, Қызылорда, Түркістан, Шымкент қалалары) 102 елді мекенінде 576 841 құстың қырылу фактісі тіркелді, оның ішінде 24 289-ы жеке үйде және 552 273-і құс фабрикасында болған.
Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталықтың деректері бойынша жоғары патогенді құс тұмауының көзі және тасымалдаушысы солтүстіктен оңтүстікке ұшып бара жатқан жабайы құстар. Бұған қырылған жабайы құстарды зерттеу нәтижелері дәлел.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр мүдделі мемлекеттік органдарға құс тұмауының таралу салдарын барынша азайту бойынша барлық алдын ала шараларды қабылдауды тапсырды. Комиссия отырысының соңында хаттамалық шешім қабылданды.