17 жел, 2020 сағат 13:27

Римде Абай мәдени орталығы ашылып, ақын шығармалары итальян тілінде жарық көрді

Тәуелсіздік күніне орай Қазақстанның Италиядағы елшілігінде Абай ақпарат-мәдени орталығының ашылу салтанаты, сондай-ақ қазақ жазба әдебиетінің негізін салушысының поэмалары мен «Қара сөздері» жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

 Іс-шара ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының (ҰАБ) қатысуымен және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен аралас форматта өтті. 

Орталық Абай шығармаларының және ол туралы ҰАБ қорынан шыққан басылымдардың көрмесін, философтың өмірі мен шығармашылығы туралы материалдарды ұсынады.

 

Елшіліктің кеңесшісі Әсет Байсынов өзінің алғы сөзінде ХХІ ғасырда білімнің маңыздылығы туралы айтып, жас ұрпаққа лайықты білім алуға нұсқау беретін, олардың жарқын болашағының кепілі болатын ұлы Абай мұрасын жастар арасында кеңінен насихаттау бұрынғыдан да маңызды екенін атап өтті.

Елшіліктің көмегімен Қазақстанның Ұлттық аударма бюросы Абайдың «Қара сөздері» мен поэмаларын итальян тіліне аударды. 

Бұл итальян оқырманына ұлц ақын әрі ойшылдың еңбектерімен танысуға жаңа мүмкіндік беріп, екі ел халықтарын өзара мәдени байытуға қызмет етеді, Италия жұртына қазақ әдебиеті мен поэзиясын, сондай-ақ Абай еңбектері арқылы Қазақстанның мәдени және әдеби өмірін тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді.

«Қара сөздер» – бұл ақынның қартайған шағында жазған, өз ой-санасынан өткізілген және халқына деген сүйіспеншіліктен туындаған халқының тағдыры туралы терең ішкі ойлары, армандары мен уайымдарын жеткізгісі келген даналық қазынасы.

Іс-шара қонақтары Қазақстанның Сан-Марино Республикасындағы Құрметті консулы Джованни Помпони, Санта-Чечилия академиясының профессоры Рафаэлле Колличенза болды. 

Онлайн форматтағы конференцияның қатысушылары мен спикерлері Амброзиан кітапханасының Академиясы жанындағы Академиялық хатшысы, Италия мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынастар мен ынтымақтастықты дамытудағы ерекше еңбегі үшін Италия Республикасының офицері, профессор Эдоардо Канетта; Берлин еркін университетінің және Ка-Фоскари Венеция университетінің профессоры, түрколог Элизабетта Раганин; Қазақстанның Кампания (Неаполь) аймағындағы Құрметті консулы Серджио Москати; Қазақстанның Ломбардия (Милан) аймағындағы құрметті консулы Николо Андреа Гатто; жетекші итальян БАҚ журналистері, сондай-ақ Абай шығармаларын орындаған қазақстандық студенттер болды.

Итальян сарапшылары Абайдың итальян тіліне аударылған қара сөздері мен поэмаларын оқып, таңданысын білдірді және ақын сөздерінің бүгін де өзектілігін сақтап қалғанын атап өтті.

Қазақстан тарапын ҰАБ басшысы, Үмітхан Мұңалбаева Үмітхан; ақын, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып; М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының зерттеушісі Светлана Ананьева; ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Орынбай Жанайдаров; ақын, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Бекзат Смағұлов таныстырды.

Іс-шара соңында Санта-Чечилия академиясының профессоры Рафаэлле Колличенза жиналғандар үшін фортепианода түрлі шығармалар орындады.

Қазақстандық студенттер мен қонақтар сыйлыққа Абайдың поэмалар жинағын алып, ұлы ақынның мерейтойына орай ашылған орталықта мәдени іс-шаралар мен кездесулер өткізуге ниет білдірді.