30 қаң, 2026 сағат 16:34

Президент: «Конституцияда гуманитарлық құндылықтарды қалыптастыру маңызды деп санаймын»

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияда гуманитарлық құндылықтарды қалыптастырудың маңызы зор екенін атап өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Президенттің айтуынша, комиссия мүшелері ұсынған заңнамалық ережелерде адам құқықтарының ең жоғары құндылық екені және адам капиталының басты орын алатыны нақты көрсетілген. Бұл бастамалар әр азамат өз әлеуетін толық іске асыра алатын әділ қоғам құруға бағытталған.

Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым мен білімді, сондай-ақ инновация салаларын дамытудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның пікірінше, жаңа тарихи кезеңде еліміздің цифрлық дәуірге бейімделуі жеткіліксіз, жасанды интеллект пен озық технологиялар қоғам игілігіне қызмет етуі тиіс.

– Адам жасанды интеллектіге қызмет етпеуі керек. Керісінше, адамзаттың ақыл-ойынан туған жасанды интеллект азаматтарға тұрмыс-тіршіліктің барлық саласында табысқа жетуге көмектесуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.


Президент Ата заңда адамгершілік, гуманитарлық құндылықтарды айқындап көрсету жөніндегі ұсыныстардың өзектілігін атап өтті. Оның ішінде жалпыұлттық бірегейлікті нығайту, табиғатты аялау мәселелеріне басымдық беру қажеттігіне назар аударылды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы баяндамашылар көтерген бастамаларды қолдайтынын жеткізіп, бай мәдени мұраны сақтау мен дәріптеуге үлес қосып жүрген волонтерлердің қызметіне де қолдау білдірді.