02 сәу, 2026 сағат 16:32

Президент Ғылым және жоғары білім министрін қабылдады

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті қабылдап, саладағы негізгі бағыттар мен стратегиялық бастамалардың жүзеге асу барысын тыңдады, деп хабарлайды Ult.kz.

Кездесу барысында министр жаңа Конституцияның білім және ғылым салаларына беретін мүмкіндіктері туралы баяндап, адам капиталын дамытуға бағытталған экожүйе құру және таланттарды үздіксіз қолдау тетіктерін таныстырды. Сондай-ақ еңбек нарығын зерттеу нәтижелері мен 2030 жылға дейінгі мамандарға деген сұраныс болжамы ұсынылды.

Жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Оның ішінде «Келешек» механизмі мен саланы қаржыландырудың жаңа моделін енгізу жоспарлары айтылды. Сонымен қатар AI-Sana ұлттық қозғалысын дамыту және AI-Enabled University индустриялық университетін іске қосу бастамалары таныстырылды.

Жаңа форматтағы бұл жоба білім беру және өндіріс үдерістеріне жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді көздейді. Бұдан бөлек, инновациялық кластерлер мен ғылым қалашықтарын құру, DeepTech және күрделі өндірістерді дамыту моделіне көшу бағытындағы жұмыстар да жалғасып жатыр.

Министрдің айтуынша, бұл бағытта жоғары оқу орындары мен өңірлік әкімдіктердің өзара байланысы маңызды рөл атқарады. Аталған тетіктер ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды дамытуға, жаңа өндірістерді іске қосуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда ғылыми саясатты жетілдіруге бағытталған реформалар жалғасуда. Ғалымдарды қолдау, гранттар мен сыйлықтар бөлу, ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыру және жас ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері де назарда.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы жоғары білім сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту және оларды коммерцияландыру, инновациялық қызметті ынталандыру, сондай-ақ инфрақұрылым мен шетелдік университеттер филиалдарының жұмысын жетілдіру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.