29 қаң, 2026 сағат 16:48

Мемлекет бюджетіне 6,6 трлн теңге салық пен төлем түсті: Президент Алматы қаласының әкімін қабылдады

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдап, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, қала құрылысы мен инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы есеп тыңдады, деп хабарлайды Ult.kz.

Кездесу барысында қала әкімі өткен жылы Алматыда қысқа мерзімді экономикалық индикатор 12,8 пайызға өскенін айтты. Оның мәліметінше, мемлекет бюджетіне 6,6 триллион теңге көлемінде салық пен міндетті төлемдер түскен.

Дархан Сатыбалды қаланың бірнеше орталығын дамытуға бағытталған жаңа стратегиялық бастамаларды таныстырды. Бұл тұжырымдама аясында заманауи IT-инфрақұрылым, көпфункционалды іскерлік кешендер мен тұрғындардың демалысына арналған абаттандырылған рекреациялық аймақтар құрылмақ. Аталған кеңістіктер алматылықтар мен қала қонақтары жиі баратын қоғамдық орындарға айналуы тиіс.

Сондай-ақ әкім Алматыда заманауи көлік жүйесін қалыптастыру жөніндегі жоспарлармен бөлісті. Жүрдек қоғамдық көлік жүйелерін дамыту тұрғындардың қатынауын жеңілдетіп, қаланың орнықты дамуына серпін береді.

Алматының Бас жоспары аясында ауаның еркін айналымын қамтамасыз ету, қаланың жоғары және орталық бөліктеріндегі шамадан тыс тығыз құрылысты шектеу, сондай-ақ жасыл желек аумағын үш есеге арттырып, 3 800 гектарға дейін ұлғайту көзделген.

Бұдан бөлек, 2025 жылы қала көшелерін сапалы жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, жарық қуаты екі есеге артқаны айтылды. Қаланы абаттандыру, көгалдандыру және қоғамдық кеңістіктерді безендірудің бірыңғай стандартына сай саябақтар мен көшелерді жаңғырту да жоспарланған.

Кездесуде Алматы тау кластерін дамыту жобасының жай-күйі де баяндалды. Қазіргі таңда «Медеу» базалық станциясы арқылы «Шымбұлақ» пен «Ой-Қарағай» курорттарын біріктіруге арналған техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба жүзеге асса, аспалы жолдардың саны 16-дан 62-ге дейін көбейіп, тау шаңғысы трассаларының ұзындығы 250 шақырымнан асады. Ал демалыс аймақтары тәулігіне 40 мың адамға дейін қабылдай алатын мүмкіндікке ие болады.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы Алматы экономикасын одан әрі әртараптандыру, экологиялық жағдайды жақсарту, орнықты көлік және туристік инфрақұрылым қалыптастыру, сондай-ақ қала ортасының сапасы мен тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.