30 қаң, 2026 сағат 15:36

Ерікті болу – Отаныңа адал қызмет ету: Тоқаев Волонтерлер форумында жастарға үн қатты

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында сөз сөйлеп, еріктілік қызметтің қоғам үшін маңызына тоқталды. Президенттің айтуынша, волонтер болу – игі істер жасау, өзгеге үлгі көрсету, туған жерге жанашыр болып, елге адал қызмет ету деген сөз, деп хабарлайды Ult.kz.

Форумға еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастарды Мемлекет басшысы нағыз отаншыл, жасампаз әрі қамқор азаматтар деп атап өтті. Президент биыл бүкіл әлем Халықаралық еріктілер жылын атап өтіп жатқанын еске салып, бұл бастаманы Қазақстан алғашқылардың бірі болып БҰҰ мінберінде көтергенін айтты.

– Еріктілерді озық ойлы қоғамның айнасы деуге болады. Ниеті түзу, жаны таза адамдар осы жолды таңдап, қоғам игілігі үшін аянбай еңбек етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президент пандемия мен табиғи апаттар кезіндегі волонтерлердің жанқиярлық еңбегіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, сын сағаттарда мыңдаған ерікті алдыңғы шепте болып, дәрігерлерге, құтқарушыларға және мұқтаж жандарға қолдау көрсетті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы еліміздегі волонтерлер қозғалысының ауқымы кеңейіп келе жатқанын айтты. Қазіргі таңда Қазақстанда еріктілер саны 300 мың адамға жеткен. 2020 жылы бұл көрсеткіш небәрі 50 мың болған. Ал қоғамдық пайдалы іспен айналысатын ұйымдардың саны 800-ден асқан.

Президент экология, білім, мәдениет салаларындағы «Жас ағаш», «Эко бақылау», «Білім волонтерлері» сияқты жобалардың маңызын атап өтіп, оларға 100 мыңға жуық ерікті қатысқанын жеткізді.

Форум барысында Қасым-Жомарт Тоқаев волонтердің цифрлық паспортын енгізу туралы ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, еріктілер қозғалысы да цифрландыру мен жаңа технологиялардан тыс қалмауы керек.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы еріктілер форумында айтылған ұсыныстардың басым бөлігін қолдайтынын және ең тиімді бастамаларды жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар берілетінін айтты.