06 нау, 2020 сағат 22:29

Рига әуежайында жанкүйерлері Димашты «Дайдидау» әнімен қарсы алды

Әнші Димаш Құдайберген жеке концертін өткізу үшін Латвия астанасына ұшып келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Instagram-дағы жанкүйерлер парақшасына сілтеме жасап.

Жанкүйерлер әншіні әуежайда қазақ тілінде ән шырқап күтіп алды. «Дайдидау» – Димаштың сүйіп шырқайтын әні. Себебі Димаш бұл әнді «Славян базары» халықаралық ән байқауында тамаша деңгейде орындап Бас жүлдеге қол жеткізген болатын. Дәл осы әнмен Қытайдағы « I am Singer» байқауында көпшілікті тәнті еткен еді. 

Айта кетерлігі жыл басынан бері Димаш Ресейдің бірнеше қаласында жеке концертін беріп үлгерді. Татарстан астанасында концерт өткізген Димаш Құдайберген әндерінің бірін өзінің жанкүйері болған, онкологиялық дерттен көз жұмған татар қызы Лейсан Сейітназароваға арнаған болатын. 

Әнші биыл Еуропаның тағы бірнеше мемлекетін аралайды. Оның өнеріне басқа құрлықтардан да сұраныс түсіп жатыр. Мәселен жақында мексикалық тыңдармандары Димашты өз еліне шақырған еді.