05 мам, 2021 сағат 08:48

RFI Африкадағы ресейлік жалдамалы әскердің қатыгез әрекеттері жайлы зерттеу жариялады


Халықаралық француз радиосы (RFI) Орталық Африка республикасындағы ресейлік жалдамалы әскердің қатыгез әрекеттері жайлы зерттеу жарияладыЗерттеуде қылмысқа куә болған ондаған адамның куәлігі де бар.

Мәселе Орталық Африка республикасында (ОАР) үкімет армиясы жағында соғысып жатқан үш әскери топ: "Вагнер", Sewa Security Services және Lobaye Invest SARLU жөнінде болып отыр. RFI мәліметінше, бұл топ мүшелері бейбіт тұрғындарды азаптап, өлтіреді, зорлық-зомбылықпен, тонаумен айналысады.

Материалдағы негізгі ақпарат көзі – БҰҰ-ның арнайы жұмыс тобының Африкадағы жалдамалы әскер жайлы баяндамасы. Ондағы ақпаратқа сүйенсек, биылдың өзінде қаңтар мен сәуір айында ресейлік әскери қызметкерлер 26 адамды сотсыз дарға асқан, 5 адамды топ болып зорлаған, 27 рет адамдарды заңсыз қамап, азаптаған.

Зерттеуде бірқатар қылмыстар егжей-тегжейлі баяндалады: қаңтар айында азық-түлік тауарларын тасымалдаған жүк көлігін атқылау кезінде үш бейбіт тұрғын қаза болған, ақпан айының ортасында үш бейбіт тұрғын мешітте дарға асылған, 25 ақпанда жергілікті тұрғын 24 жастағы әйелді әскери топ мүшелері топ болып зорлаған.

Ресейдің Орталық Африкадағы елшілігі зерттеуге қатысты түсініктеме бермеді. Бірақ осыған дейін БҰҰ-ның жұмыс тобының баяндамасында айтылған жайттарды "арандату" деп атаған. Дипмиссия өкілдері сонымен бірге БҰҰ сарапшылары "бұлтартпайтын айғақ" келтірмеді деп санайды.

  • Орталық Африка республикасында 2013 жылдан бастап ереуілшілер мен билік арасында қарулы қақтығыс жалғасып келеді. Ресей ОАР президентіне көмектесу үшін әскери кеңесшілері мен жалдамалы әскери қызметкерлерін жіберіп отырады. Батыс ақпарат құралдарының хабарлауынша, онда ресейлік жалдамалылардың саны екі мыңға жуықтауы мүмкін. Олар үкімет армиясы жағында соғысып, стратегиялық нысандар мен негізгі бақылау пунктерін күзетеді. Ал Кремль мұны жоққа шығарады. Ресейдің ОАР-дағы елшісі онда 535 ресейлік "инструктор" барын, бірақ олардың әскери операцияларға қатыспайтынын айтқан.
  • 2018 жылы ОАР-да үш ресейлік журналист: Орхан Джемаль, Александр Расторгуев және Кирилл Радченко өлтірілген. Олар ресейлік жеке әскери компания "Вагнер" жайлы зерттеу фильм түсірген. "Вагнер" – ресми емес ресейлік әскери жасақ, ол әскери ведомстволардың тізімі мен заңдық тұлғалардың реестрінде жоқ. Журналистік зерттеулерге сүйенсек, топ мүшелері Сириядағы операцияларға және Украина шығысындағы қақтығыстарға қатысқан. "Вагнерді" Ресей президенті Владимир Путин айналасында жүрген кәсіпкер Евгений Пригожин қаржыландырады деп айтылады.
  • Ресей тергеу комитеті "журналистерді арабтілді белгісіз қарақшылар тобы өлтіруі мүмкін" деген нұсқаны алға тартады. "Досье" тәуелсіз зерттеу орталығы бұл нұсқаны жоққа шығарады. Олардың айтуынша, "Вагнер" басшылығымен байланысты адамдар журналистер ОАР-ға келгеннен кейін олардың ізіне түскен. Зерттеу тобы журналистердің өліміне осы топтың қатысы бар деп санайды.

Азаттық