12 там, 2021 сағат 10:17

Режеп Ердоған: Өртенген ормандар қалпына келтіріледі


Түркия елдің оңтүстік-шығысында орман өртінің салдарын ең қысқа мерзімде жойып, апаттан зардап шеккен аудандарды қалпына келтірмек. Бұл туралы Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған CNN Turk және Kanal D телеарналарына берген сұхбатында мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

«Өртенген ормандар қалпына келтіріледі. Біз бұл аумаққа жаңа ағаштар отырғызамыз, мұнда қайтадан ормандар пайда болады», - деп мәлімдеді түрік көшбасшысы. 

Оның айтуынша, табиғи апаттан зардап шеккен аумақтарда құрылыс жұмыстары бір айдан кейін басталады. Мемлекет басшысы оларды бір жылдың ішінде аяқтау жоспарланып отырғанын қосып өтті. 

Президент Ердоған сондай-ақ, Түркия соңғы бес жылда орман активтерінің аумағын көтерген елдер рейтингінде 46-шы орыннан 27-ге жоғарылағанын атап өтті. 

Түркияның коронавирусқа қарсы күрес жүргізу шараларына тоқталған президент, ел билігі барлық тұрғынға вакцина салдыртуды көздеп отырғанын мәлімдеді. Ердоған бұл мақсатқа жету үшін қажетті ресурстар түгел жұмылдырылғанын айтты. 

Түркия президенті коронавирусқа қарсы TURKOVAC вакцинасы шығарылатынын мәлім етті. «Бүгінгі күнге дейін жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Жыл соңына дейін жақсы жаңалық естуге үміттіміз», - деді ол. 

Түркия президенті сондай-ақ, «Талибан» қозғалысы жасақтарының басып алу жағдайларына байланысты Ауғанстандағы ахуалды сөз етті. Оның айтуынша, ол бұл елдегі жағдайды Катар билігімен талқылады. «Бүгін кешке Катар билігімен келіссөздер жүргіздім, біз Талибан жасаған қадамдарды қалай тоқтата алатынымызды, бейбіт жолға қадамды қай жерде жасай алатынымызды талқыладық», - деді президент Ердоған.