22 жел, 2020 сағат 19:12

Ресейлік «Спутник V» вакцинасы неліктен Қарағандының фармкешенінде өндірілуде?

Қарағанды фармацевтикалық кешені (ҚФК) COVID-19-ға қарсы вакцина шығаратын алаң ретінде таңдалды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин арасындағы уағдаластықтарды жүзеге асыру аясында мұнда ресейлік «Спутник V» вакцинасының алғашқы үлгісі шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қараша айында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясы мен РҚАО мамандары Қазақстанның фармацевтикалық кәсіпорындарын аралады. Олар негізінен осы нысандардың технология трансфертін жылдам жүзеге асыруға және вакцина өндіруге дайындығын зерттеді. ҚФК биотехнологиялық кәсіпорын болғандықтан, Қарағанды фармкешені ең дайын кәсіпорын болып шықты. Олардың жабдықтары мен процестері вакцинаның дайын формасын өндіру технологиясына сәйкес келеді.

«Желтоқсан айының басында процесс трансфері басталды. Ресейден мамандар келді. Олар өндіріс алаңы жұмысының аудитін жүргізді және ұсыныстар берді. Біз өз кезегімізде барлық қажеттіліктерді тез әзірледік. Яғни, біз жабдықтарды ретке келтіріп, мамандарды дайындадық. Қазір сериялық өндіріске арналған жабдықтарды әзірлеп жатырмыз. Кеше біз осы вакцинаның тәжірибелі серияларын шығардық. Бүгін олар Ресейге сапасын бақылауға жіберілді», - деп түсіндірді ҚФК бас директоры Сергей Барон.

Бір ай ішінде Ресейдің Н.Ф. Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми орталығында сапаны бақылау жүргізіледі. Нәтижелерді алғаннан кейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне тіркеуге өтінім берілетін болады. Вакцина Қазақстанда тіркелген соң, оның өнеркәсіптік өндірісі басталады. Вакцинаның иесі - «Ресейдің тікелей инвестициялар қоры». Ал Қарағанды фармацевтикалық кешені өндіріс алаңы болып табылады.

Қосымша Қарағанды фармацевтикалық кешеніне вакцинаны шокты қатыру процесі үшін қажетті тоңазытқыш жабдығын сатып алу қажет болды.

«Біздің алдымызға қысқа мерзімде трансфер жүргізу және біздің өндірістік алаңымызда ресейлік «Спутник V« вакцинасының дайын түрін өндіруді жолға қою міндеті қойылды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 4 желтоқсанда «Ресей тікелей инвестициялар қоры« мемлекеттік компаниясы –технология иесімен және ноу-хаумен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. 13 желтоқсанда бізге дайын өнімнің валидациялық серияларын өңдеуге арналған субстанция берілді», - дейді ҚФК бас директоры Сергей Барон.

Айта кету керек, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС - бірінші отандық биотехнологиялық кәсіпорын. Зауыт жетекші еуропалық өндірушілердің жабдықтарымен жабдықталған. 2012 жылдан бастап ҚФК өндірісін дамытуға салынған инвестициялар көлемі 100 млн теңгені құрады.